National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті

2016 жылғы 30 наурыз

 

Отырыста «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын» және «Агробизнес – 2020» Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асырудың тиімділігі мен заңдылығын сақтау мәселелері талқыланды.

  Отырыс барысында Бас прокурор А.Дауылбаевтың, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің және Ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаевтың баяндамалары тыңдалды.

Бейне-селектор режімі арқылы комиссия жұмысына облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдері және өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялардың мүшелері қатысты.

Г.Әбдіқалықова қаралып отырған бағдарламалар халықтың тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдай жасауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, ауыз сумен қамтамасыз етуге, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ауыл шаруашылығын қаржылық тұрғыдан сауықтыруға бағытталғанын атап өтті.

Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, орталықта да, сондай-ақ жергілікті жерлерде де бағдарламаның ережелерін уақтылы және тиімді орындау қажет.

Сонымен қатар, құқық қорғау және бақылаушы органдар «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын» және «Агробизнес – 2020» бағдарламасын іске асыру кезінде жол берілген заң бұзу, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және ысырап ету фактілерін анықтауда. Бұл ретте құқық бұзудың көпшілігі мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуге байланысты болып отыр. Сыбайлас жемқорлық сипаттағы құқық бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау үшін комиссия тарапынан Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, жергілікті атқарушы органдарға жемқорлық қатерлеріне қатысты ішкі талдау жүргізу ұсынылды.

Отырысты қорытындылаған Мемлекеттік хатшы жаңадан қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті уақтылы өткізу қажеттігін, бұл шектен шығуға және заң бұзуға ықпал ететін жағдайларды болдырмауға мүмкіндік беретінін айтты.

Ашықтық пен шынайылықты тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын және сапасын мониторингтеу ісіне қоғамдық кеңестер өкілдерін белсенді түрде тарту ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің