National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті

2015 жылғы 27 қазан

 

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев С.Абэні Премьер-министр лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, әлемдік экономикадағы күрделі ахуал кезеңінде қызметінің табысты болуына тілектестік білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапонияны көп нәрсе байланыстыратынын атап өтті.

Біздің елдеріміз ядролық қаруды сынақтан өткізу мен қолданудың қасіретті зардабын басынан өткерді. Сол себепті мен жаһандық антиядролық қозғалыс жөнінде бастама көтердім және осыған орай Сіздің бастамаларыңызды біз толық қолдаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Елбасы Астана құрылысы жапон архитекторы К.Куракаваның бас жоспары бойынша, ал елордадағы жаңа халықаралық университетті дамыту Жапония өкілі – ректор Ш.Катсудың басшылығымен жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қазақ-жапон қарым-қатынастарын дамыту мәселелеріне де тоқталды.

Біздің елдеріміз арасында экономикалық тұрғыдан да, саясат саласында да келіспеушілік жоқ. Қазақстан Сіздің елмен барлық бағыт бойынша ынтымақтасуға ниетті. Сіздің Орталық Азия елдеріне сапарыңыз маңызды әрі дер кезінде жасалып отыр. Біз өзара іс-қимылдың «Жапония – Орталық Азия» форматын қолдаймыз және оны қажет деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Жапония Премьер-министрінің бұл сапары екі елдің ынтымақтастығына жаңа серпін береді деп үміттенетінін жеткізді.

С.Абэ қонақжайлық пен ілтипатты қабылдау үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.

Менің бұл сапарым Жапония Премьер-министрлерінің соңғы 9 жылдағы бірінші сапары болып отыр. Бұрын біз түрлі халықаралық шараларда үш рет кездестік, бұл – біздің төртінші кездесуіміз. Осындай тығыз байланыстар арқылы қарым-қатынастарымызды белсенді түрде дамытып отырғанымыз мені аса қуантады, – деді С.Абэ.

Жапония Премьер-министрі Қазақстанға іскер топтар өкілдерінен тұратын кең ауқымдағы делегациямен бірге келгенін және нақты нәтижелерге үміт артатынын атап өтті.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің