Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

16 тамыз 2012
Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы болып өтті

– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев бірнеше рет атап көрсеткендей, «Болашақ» – қазақстандықтардың келешек ұрпағын тәрбиелеуде маңызды роль атқаратын бірегей білім беру бағдарламасы. Президенттің үнемі қолдау көрсетуінің арқасында «Болашақ» бағдарламасы 19 жыл бойы үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Индустриялық-инновациялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру аясында білім беру мен денсаулық сақтау саласында ғылыми кадрлармен бірге  жас ғалымдар, дәрігерлер және инженерлер шетелдің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтеді. Отандық мамандардың жаңа білімді игеруі біздің еліміздегі экономика, ғылым, әлеуметтік салалардың дамуына ықпал етеді, - деп атап көрсетті М.Құл-Мұхаммед.

Мемлекеттік хатшы атап өткендей, 2012 жылғы 9 шілде – 6 тамыз аралығында өткен конкурстық іріктеудің бірінші және екінші турларының нәтижелері бойынша Республикалық комиссияның қарауына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлердің 444 жеке ісі енгізілді. Олардың ішінде 152 үміткер шетелдің жоғары оқу орындарына өз бетімен түскендер, 26 үміткер ғылыми немесе педагог қызметкер,53 үміткер – мемлекеттік қызметші, 62 үміткер – қазақстандық жоғары оқу орындарының биылғы түлектері, 151 үміткер тағылымдамадан өтуге баратын ғылыми, педагогикалық, инженерлік-техникалық және медицина қызметкерлері ретінде конкурстық іріктеуге қатысқан.

Оқу бағдарламасы бойынша үміткерлердің жалпы санынан: магистратурада оқуға – 280; докторантурада оқуға – 12 үміткер; тағылымдамадан өтуге – 152 үміткер өтініш беріп отыр.

Үміткерлердің басым көпшілігі Ұлыбританияда (243 адам), Ресейде (50 адам), АҚШ-та (49 адам), Швейцарияда (31 адам), Израильде (11 адам), Францияда (10) адам, Германияда (9 адам) оқуға құжат тапсырған. Қалғандары Канада, Италия, Австралия, Қытай, Нидерланды, Түркия, Австрия, Жапония сияқты елдерді таңдаған.

Үміткерлер басымдағы бар мамандықтар тізбесінен «Ақпараттық технологиялар және жүйелер; Ақпараттық қауіпсіздік; Информатика», «Мұнай-газ ісі; Мұнай химиясы және мұнай-химиялық синтез», «Білім саласындағы басқару», «Мемлекеттік саясат; Саясаттану; Мемлекеттік басқару; Халықаралық қатынастар»,  «Бухгалтерлік есеп және аудит; Бағалау; Қаржы; Экономика», «Құқық»  мамандықтарын таңдауға маңыз беріп отыр.

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша конкурстық іріктеуден өткен үміткерлерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау жөнінде шешім қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар