National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Астанада өткен Халықаралық «Болашақ» стипендиясының мерейтойлық форумына қатысу

2013 жылғы 29 қараша

 

Тәуелсіздік сарайында өткен іс-шараға еліміздің әр өңірінен 1500-ге жуық стипендиат, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар өкілдері қатысты.

Форумда 20 жыл ішінде халықаралық «Болашақ» стипендиясының іске асырылуының аралық қорытындысы шығарылды, сондай-ақ бұл бағдарламаның «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясындағы жаңа міндеттері айқындалды. 

Өз сөзінде Мемлекет басшысы қатысушыларға сөзін арнап, «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтоймен құттықтады және оның егемен Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылатын беттердің бірі екенін атап өтті.

– Бұдан 20 жыл бұрын, Тәуелсіздіктің қиын дәуірінің бастапқы жылдарында біздің лайықты Болашағымызды көре білу әркімге бұйыра қойған жоқ. Мен жаңа білім алып, елімізді алға апарулары үшін алғашқы стипендиаттарды жібердім. Экономика күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді. Ел «жабайы капитализмге» енді. Ол кезде біз нарықтық қатынастарға жаңа ғана өте бастадық. Оның не екенін білгендер аз еді. Тіпті ең тәжірибелі басқарушылардың жаңа экономикалық және әлеуметтік процестерді қалай басқару, егемен мемлекетті қалай құру туралы  түсінігінің өзі бұлдыр болатын. Ол кезде елімізде жаңа нарықтық экономикаға көшу жөнінен мамандар болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби кадрлар өте қажет болды. Жекешелендіру жүргізіп, елімізге инвестиция тарту керек болды. Бұл біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз еді. Біз мұны, міне, жиырма жылдан бері басшылыққа алып келеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті республикамыз он бес жыл ішінде «Қазақстан – 2030» стратегиясын табысты іске асыра отырып, таңданарлықтай нәтижелерге жеткенін, енді ең дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын алға қойып отырғанын айтты. 

Бұл үдеріс жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы өсімін ғана қарастырып қоймайды. Бұл – өмір сүру сапасын арттыруды, адам капиталын дамытуды қоса түгел қамтитын бағдарлама. Біздің экономикамыз инновациялық индустрияландыру жолына түсті. Бұл – тарихи жетістік. Мұнда «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің лайықты үлесі бар, – деді Мемлекет басшысы.    

Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы «Болашақ» бағдарламасының алғашқы 187 стипендиаты шетелге білім алуға кетер алдында оларға өзінің сәттілік тілегенін айтты. 

– Бүгінде бағдарламаға қатысушылар қатары 10 мың адамнан асты. «Болашақ» бағдарламасы еліміздің дамуында зор рөл атқарды. Ең алдымен, олар – экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет пен өнер салалары үшін жаңа кадрлар. Бағдарлама түлектерінің әрбір екіншісі бүгінде жекеменшік және мемлекеттік сектордағы Қазақстан компанияларында жұмыс істейді. 19 пайызы – ұлттық компаниялар менеджерлері. 4 пайызға жуығы – халықаралық ұйымдарда, сондай-ақ Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарында еңбек етеді. Жалпы, түлектердің төрттен үші экономиканың нақты секторында және азаматтық қоғам институттарында қызмет атқарады. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда «болашақтықтардың» 25 пайызға жуығы еңбек етуде. Соның ішінде, мемлекеттік басқару жүйесінде жүргендері – барлық түлектердің 19 пайызы. Бүгінде «Болашақ» бойынша 2 мыңға жуық инженер-техник мамандар даярланды. Олар – инновациялық жобалар мен технологиялар, металлургия, телекоммуникация, энергетика салаларының қызметкерлері. Индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру – Қазақстанды шикізаттық тәуелділіктен алып шығатын мүлде жаңа кәсіпорындарды құру. Жалпы, гуманитарлық және инженерлік-техникалық мамандықтардың теңгеріміне қол жеткізілді, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы бағдарлама стипендиаттарының үштен екісі дерлік мемлекеттік емес құрылымдар жұмыскерлерінің, зейнеткерлердің балалары екеніне назар аударды. Қатысушылардың 8 пайызының ата-аналары стипендияға ие болу кезеңінде мүлде жұмыссыз болғандар, ал екі жүзден астам стипендиат – ата-анасыз қалған талантты жастар.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев республиканың барлық өңірі үшін кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап көрсетті.    

– Бұдан бес жыл бұрын, бағдарламаның 15 жылдығына арналған форумда мен өңірлерде тұратын жастар үшін стипендияға қолжетімділікті арттыру мақсатында оған түзетулер енгізу міндетін қойдым. Бүгінде, міне, барлық қатысушының тең жартысы – Қазақстанның облыстары тұрғындары. Оқуларын аяқтаған соң олар негізінен туған қалаларында жұмысқа орналасады. Бұл өте маңызды. «Болашақ» стипендиаттарының барлығы «Шанхай рейтингінің» ондығына кіретін әлемнің жетекші университеттерінде білім алуда. Мұның бәрі «Болашақ» бағдарламасының жоғары нәтижелілігін білдіреді. Соның арқасында Қазақстанның талантты жастары үшін «әлеуметтік лифт» жасалды. Әлемдік ғылым-білім орталықтарында оқу арқасында елімізде жас ғалымдардың, педагогтердің, менеджерлердің жаңашыл ортасы өсіп-жетілуде, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде халықаралық «Болашақ» бағдарламасы білім беру жүйесінің локомотивіне айналғанын ерекше атап өтті.

– Бір жағынан, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік кеңістігіне әлемдік технологиялар трансфертінің магистралі тартылды. Екінші жағынан, әлем біздің стипендиаттар арқылы Қазақстан, оның халқы, мәдениеті мен дәстүрлері, еліміздің мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы көбірек біле түсті. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біз жаhандық элита даярлаудың әлемдік жүйесіне қосылдық. Бұл – Тәуелсіздік дәуірінде қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі менің жоспарымның аса маңызды бөлігі. 2010 жылы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев Университетінің ашылуы Қазақстанның әлемдік білім экспорттаушысына айналуының басы болды. Бүгінде Назарбаев Университетінде екі жүзден астам «Болашақ» түлегі жұмыс істейді. «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы белсенді қызмет жасауда. Бүгінде бүкіл әлемнің дамуы контексінде, біздің «Қазақстан – 2050» стратегиямыздың контексінде халқымыздың алдына қойылып отырған жаңа міндеттерді көре білу маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.       

Қазақстан Президенті өзінің қорытынды сөзінде әлемдік дағдарысқа тек қуатты индустриялық базасы бар елдер ғана төтеп беретінін атап айтты.

– Сондықтан да біз елімізді индустрияландыруға кірістік. Дамудың шешуші факторына айналған білім экономикасының уақыты келді. Әсіресе жаратылыстану ғылымдарын – физика, биология, химия, математиканы дамыту маңызды. Оларда инновация үшін сарқылмайтын әлеует бар. Елдің дамуына жаңашыл серпін беру маңызды. Сол себепті біз бүгін ғылымға бұрынғыдан да көп инвестиция салудамыз. Ең заманауи жабдықтары бар зертханалар құрылуда, басқару мен қаржыландырудың жаңа жүйесі жұмыс істейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елімізде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу «жасыл» экономикаға өтудің бастапқы сатысы болатынын сеніммен атап өтті.

Қазақстан Президенті ғылымның үлесі басым экономика құру үшін ауыл шаруашылығы, медицина, аэроғарыштық индустрия, көлік саласындағы  жаңа технологиялар секілді бағыттар перспективалы екенін атап өтті.

– Әлемде ғарыш айлағына ие бес ел бар, соның бірі – Қазақстан.  Уақыт пен кеңістікте ғарыш саласының әлеуеті шын мәнінде шексіз. Бірақ ғарыштың қиянына көз сала отырып, біздер бәрібір дәстүрлі ұлттық көлік жүйесін дамытуға тиіспіз. XXI ғасыр – жерүсті, жерасты және жердегі ұшқыр көліктер дәуірі. Әлемде көліктің үздік зертханалар айналысып жатқан инновациялық түрлері табылатын болады. Бізге де сондайды жасау керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан энергетикалық ресурстардың барлық түрінің бай қорына ие екендігін, бірақ солай болса да,  жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту қажеттігін айтты.  

– Таяудағы онжылдықта көмірсутектер мен бейбіт атомға сұраныс болады. Мамандардың бағалауынша, көмірсутек дәуірі әлі кемінде елу жыл сақталады. Бірақ мұның бәрі энергияның бізге мәлім ашық түрлері. Көкжиектен арғыны көре білу керек. Мысалы, басқарылатын термоядролық синтез және сутегілік энергетика. Оның тиімділігі бізге белгілі энергия көздеріне қарағанда 40 есе артық. Бұл – қазірдің өзінде бірқатар елдерде енгізіле бастаған жасанды фотосинтез, шоғырландырылған күн энергиясы. Осындай әзірлемелермен отандық ғалымдарымыздың да айналысқанын қалаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «Болашақ» стипендиаттары мен түлектеріне келешекке негіз қалай отырып, перспективалы технологияларды әзірлеу мен енгізу жұмыстарына араласу қажеттігін атап көрсетті.

– Алдарыңа үлкен міндеттер қойыңдар. Сендер өз еңбектеріңнің жемісін жейтін боласыңдар. «Болашақ» бағдарламасы – сендерге мемлекет берген сенім несиесі. Мен сендерді, бағдарлама түлектері мен стипендиаттарын менің Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы туралы идеямның белсенді жақтаушылары ретінде қарастырамын. Естеріңде болсын, кім жұмыс істейді, сол ешқашан жастығын жоғалтпайды. Кім жұмыс істеуді қойса, ол отызында-ақ қартаяды. Біз барлық нәрседе үлгі болуға тиіспіз. «Қазақстан – 2030» – біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз. «Болашақтың» негізінде «Қазақстан – 2050» қозғалысын құруды ұсынамын. Жаңа қозғалыс адамдарға еліміздің негізгі міндеттерін түсіндіруі керек. Әрбір азамат стратегияны, оның міндеттері мен мақсаттарын түсінуге тиіс. Барша қазақстандықтарға бірлік, топтасу және мақсатқа беріктік қажет. Соның барлығын жүзеге сендер асыруға тиіссіңдер. Біздің күшіміз – бірлікте, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманның сын-қатерлеріне дайын болу қажеттігін атап өтті.

– Еліміздің табысты болуы әрқайсымызға байланысты, сендер де оның болашағының бір бөлшегісіңдер. Баршаңызды алдағы мемлекеттік мерекемен – Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Бұл – халқымыздың жаппай бірлесуі күні. Мен әрқашан осылай болады деп кәміл сенемін. Біз өз топырағымызда 130 ұлттың өмір сүріп жатқанын мақтаныш етеміз. Халқымыздың ішкі бірлігі арқасында біз барлық осынау көрсеткіштерге қол жеткіздік.  Барлық құндылықтарымызды сақтай отырып, біз әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің отыздығы қатарына кіруге тиіспіз. "Қазақстан - 2050" Стратегиясы міндеттерін жүзеге асыра жүріп, біз өзіміздің ұлттық арманымызды орындаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қазақстан Президенті баршаға амандық, бақ-береке және өз Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріне табыс  тіледі.

Сондай-ақ, форумда Халықаралық «Болашақ» стипендиясы түлектері қауымдастығының төрағасы Б.Байбек, Ұлыбритания жоғары білім және ғылым министрі Д.Виллетс, сондай-ақ әр жылғы түлектер сөз сөйледі. Бұған қоса, қазір Вашингтон, Лондон және Шанхайда білім алып жатқан стипендиаттармен телекөпір арқылы байланыс жасалды.   

Форум соңында Мемлекет басшысы «Болашақ» стипендиясының берілуі туралы 10 мыңыншы куәлікті салтанатты түрде тапсырды. 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің