National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ кәсіпорындары қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешенінің ашылу рәсіміне қатысты

2013 жылғы 02 тамыз

Көлік қызметкерлері күні қарсаңында 548 теміржолшы елордамыздағы жаңа баспанаға ие болды.

Жаңа қоныс иелерін құттықтаған Қазақстан Президенті ел экономикасының дамуы теміржолшылар қызметіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

– Еліміз теміржол желісі мен инфрақұрылымына зор мән береді. Жыл сайын Қазақстанда 1500 шақырымнан аса автомобиль жолы жөндеуден өткізіледі. Тәуелсіздік жылдары 1200 шақырым теміржол салынды, бүгінде тағы 1200 шақырым теміржол салынбақ. Посткеңестік кеңістіктегі өзге елдердің бірде-бірінде мұндай көлемде жол салынған жоқ. Сонымен қатар, біз вагондар мен локомотивтер құрастыратын өз зауытымызды салып, енді экспортқа шығара бастадық, – деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қоныс иелері үшін өз пәтерлерінің кілтін алуға тамаша мүмкіндік туғанын атап өтті.

– Жайлы баспана, жұмыс және лайықты еңбекақы адамға отбасының беріктігі мен берекелі тіршілік үшін қажет. Осының бәріне сіздер мемлекеттің саясаты арқасында ие болып отырсыздар, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру салалары Қазақстанда алдыңғы орында екеніне тоқталды.

 – Медицинаны дамытудың арқасында қазақстандықтардың өмір сүруі 64 жастан 70 жасқа дейін ұзарды. Балаларымыз жақсы мектептерде оқып жүр, беделді жоғары оқу орындарына түсуде. Сонымен бірге, адамдардың жақсы баспаналы болуы маңызды. Сондықтан бүкіл елімізде қолға алынған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қазақстандықтарға қуаныш сыйлауда. Қолжетімді тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс жинағы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, ескі үйлерді бұзу бағдарламаларына жыл сайын бөлінетін мемлекеттік қаражат халықтың игілігіне жұмсалуда. Міне, бүгін де 548 теміржолшы елордамыздың таза, коммуникациямен қамтамасыз етілген, қауіпсіз ауданнан пәтер алып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.                                                                                                                                                                                                                                               

Қазақстан Президенті теміржолшылар өз жұмыстарында жақсы нәтижелерге қол жеткізгеніне тоқталды.

– Егер барлық азаматтарымыз еліміздің дамуы үшін жұмыс істейтін болса, біз еңбек қоғамын құрамыз, жастарымызды еңбекке баулимыз. Бүгінде жұмыс істейтін адам үшін барлық жағдай жасалған. Бақуатты тұрмыс негізі – еңбек, дәл соның арқасында сіздерге бүгін сый-сыяпат көрсетілді, – деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қоныс иелерін қуанышты оқиғамен тағы да құттықтап, олардың кейбіреуіне пәтер кілтін өз қолымен тапсырды.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті пәтердің бірінде болып, онда Сыздықовтар отбасымен - жаңа қоныс иелерімен бейресми жағдайда әңгімелесті.

Қазіргі уақытта «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ қызметкерлері үшін тұрғын үй кешенінің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Екінші кезектегі үй 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында берілмек. Шағын ауданда барлығы 1029 теміржолшы баспанаға ие болады.

«Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның тұрғын үй саясаты аясында басты назар өңірлерге аударылды. Осы орайда, «Жезқазған-Бейнеу» жаңа теміржол магистралының құрылысы барысында жаңа стансалар мен разъездерде 1482 жайлы пәтер пайдалануға беріледі. Салынып жатқан Арқалық-Шұбаркөл теміржол желісі бойындағы стансаларда 157 теміржолшы баспанаға ие болады.   


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің