National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё «жасыл» экономика мен жаңғырту мәселелеріне арналған Қазақстан-Финляндия экономикалық форумына қатысты

2013 жылғы 17 сәуір

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл іс-шара өзара іс-қимылдың сапалы жаңа бағытын анықтауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

- Қазақстан Финляндияны сенімді іскерлік серіктес ретінде жоғары бағалайды. Қазірдің өзінде біз бүгін екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың елеулі нәтижесіне қол жеткіздік. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 800 миллионға жуық АҚШ долларына жетті. 2002 жылдан бастап Финляндиядан Қазақстанға салынған тікелей инвестиция ағыны 170 миллион АҚШ долларынан асты. Біздің елдеріміз экономикасындағы оң өзгерістер іскерлік серіктестіктің одан әрі дамуына негіз қалайды, - деді Қазақстан Президенті.             

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мейлінше ашық саясат ұстанатынын атап өтті.

-  Бүкіләлемдік экономикалық форум әзірлеген бәсекеге қабілеттілік жөніндегі рейтингіде біздің еліміз соңғы жылдары 72-орыннан 51-орынға көтерілді. Ал Бүкіләлемдік Банктің «Бизнесті жүргізу-2012» рейтінгісінде Қазақстан 183-тің ішінен 49 орын алып отыр. Қазақстан бизнесті дамыту үшін салық жүйесі шарттарын жақсартты. Бұл ретте салықтық есептілік рәсімдері оңайлатылуда. Жақында біз арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған заңнамаға өзгерістер енгіздік. Қазір Қазақстанда олардың саны – тоғыз. Қазіргі уақытта елімізде шетелдіктер қатысуымен он мыңға жуық компания жұмыс істейді. Олардың қатарында фин бизнесінің 70 компаниясы да бар, - деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті форумға қатысушылар назарын 2010 жылы Қазақстан Ресей және Беларусьпен бірге Кеден одағына кіргеніне аударды.

- 170 миллион адамы және жиынтық ішкі жалпы өнімі 2 триллион АҚШ доллары болатын ортақ нарық құрылды. Сонымен қатар, Кеден одағы біздің экономикамыздағы инвесторлар үшін бірегей мүмкіндіктер ашты. Бірыңғай кедендік аумақ және қағидалар өз өнімдерін үш елдің нарығында кедергісіз жылжытуда өндірушілерге мүмкіндіктер береді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда іске асырылып жатқан бірқатар өзге маңызды бастамалар туралы да айтты.

– Биылғы мамырда VI Астана экономикалық форумы өтеді. Оның аясында БҰҰ-ның қатысуымен алғаш рет Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция өтетін болады. Біз фин әріптестерімізді форум мен конференцияның жұмысына белсене қатысуға шақырамыз. Тағы бір ірі халықаралық оқиға 2017 жылы Астанада «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің өткізілуі болады. Көрме фин компанияларының қатысуға және өз павильонын ашуға деген қызығушылығын оятады деп үміттенемін. Бұдан бөлек, біз «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық мәселелері бойынша ынтымақтастық жайын қарастыруға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы маусым айында Бразилияда Рио+20-ның орнықты дамуы жөніндегі БҰҰ конференциясында қорытынды декларацияға Қазақстан ұсынған, әлемдік қоғамдастықтан қолдау тапқан бастама – «Жасыл көпір» серктестік бағдарламасы енгенін атап өтті.

– Қазақстанда «жасыл» экономикаға көшу жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл үшін ауқымды аумақ, тиімді геосаяси орын, қаржылық және табиғи ресурстарды қоса алғанда біздің жақсы мүмкіндіктеріміз бар.  Бүгін біз сіздерді «жасыл» экономиканы дамытудағы өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз. Біз Финляндияны «жасыл» бастамаларды жүзеге асырудағы әлемдік көшбасшы ретінде танимыз. Қазақстан  «жасыл» экономика және энергияның жаңартылатын көздері саласында заманауи технологияларды енгізетін фин компанияларына қолдау көрсетуге әзір, - деді Мемлекет басшысы.    

Өз сөзінде С.Ниинистё Қазақстан экономикасының Еуропаның көптеген елдері қол жеткізе қоймаған деңгейде өсіп келе жатқанын атап өтті.

- Халықтың өмір сүру деңгейі тез жақсаруда. Бүгін Сізбен бірге болу мен үшін үлкен мәртебе. Мен елдеріміз арасындағы белсенді саяси диалог пен қарқынды экономикалық өзара қарым-қатынастар қазір аса көзге түсетіндей нәтижесін әкеле бастағанына бақытымын. Форумда қарастырылған «жасыл экономика» мен жаңғырту тақырыбы өзара тығыз байланысты және бірін-бірі оңтайлы түрде толықтыра түседі, - деді С.Ниинистё. 

Финляндия Президенті соңғы 20 жыл ішіндегі Қазақстанның табысына елдің алға ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат қойып, ел дамуының барлық осы жоғары қарқынын ескеріп, түрлі мүддені теңдестіріп, мұқият есептеген мүмкіндігінің арқасында қол жеткізілгенін атап көрсетті.

- ЭКСПО-2017 көрмесі «Болашақтың энергиясы» атты мәні зор тақырыпқа ие. Бұл Қазақстанға да, сол сияқты халықаралық қоғамдастыққа да энергетикаға байланысты проблеманы шешуге көмектесетін болады. Қазақстанның бүгінде «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі стратегияны әзірлеп жатқанын білу мені қуантты. Оны жүзеге асырудың өте маңызды тәсілі – бұл екі елдің ашық қарым-қатынасын орнату және олармен серіктестігінің аясын кеңейту. Финляндия мен Қазақстан арасында су саласында, энергия тиімділігі және жаңа жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелерінде жобалар бар. Мұндағы компаниялардың шешімдері электр энергиясын тұтынуды және зиянды заттарды  азайтып, суды пайдаланудың жоғары тиімділігіне кепілдік береді. Олардың қазіргі заманғы электр тораптары құрылысын салу және темір жолдарды электрлендіру жөнінде ұсыныстары бар. Сонымен қатар мұнда мейлінше жоғары технологиялық кластер ретінде мойындалған Оулу қаласының мэрі қатысып отыр, -   деді Финляндия Президенті.

С.Ниинистё фин компаниялары басшыларының тобы құрамы жөнінен алуан түрлі және коммерция саласынан да, әлеуметтік саладан да бар екенін атап өтті.

- Денсаулық сақтау саласында оқыту технологиялары және бағдарламаларымен алмасу ұсынылады. 2011 жылы бізде «жасыл экономика» саласында жұмыс істейтін екі мыңнан астам компания болды, бұл сектор Финляндияда үнемі ұлғаюда. Біз Қазақстанды тек шикізат пен энергия ресуртарының көзі ретінде ғана емес, сонымен бірге «жасыл экономиканы» дамыту саласындағы маңызды серіктес ретінде көбірек көргіміз келер еді. Бұдан бөлек, бүгін қол қойылатын 20 құжаттың үштен бірі бірлескен жұмыс және елдеріміз арасында студенттер алмасуды қамти отырып, білім беру саласына арналған, - деді С.Ниинистё.

Форумда Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасында «жасыл экономиканы» дамыту және жаңғырту саласындағы серіктестік туралы декларация қабылданды, сондай-ақ өзге бірқатар құжаттарға қол қойылды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің