Жаңалықтар

23 қазан 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасының Федералды президенті Хайнц Фишер Қазақстан-Австрия бизнес-форумының ашылуына қатысты

Форум басталар алдында мемлекеттер басшылары Австрияның өнеркәсіптік компаниялары көрмесінде болып, қазақстандық-австриялық бизнес- жобаларды тамашалады.

 

Форум басталар алдында мемлекеттер басшылары Австрияның өнеркәсіптік компаниялары көрмесінде болып, қазақстандық-австриялық бизнес- жобаларды тамашалады.  

Бизнес-форумның ашылуы барысында Мемлекет басшысы Австрия жағына жылы шыраймен қабылдағаны және шараны ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін ризашылық білдірді. 

– Форум екі елдің іскерлік топтарының өкілдері үшін, екіжақты қарым-қатынастардың жаңа көкжиектерін іздестіру үшін пайдалы «диалог алаңына» айналады деп сенемін. Қазақстан Австрияны Еуропалық одақ елдері арасындағы сенімді экономикалық серіктес ретінде жоғары бағалайды. Мемлекетаралық байланыстарды дамыту әлеуеті өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан барынша ашықтық пен тұрақтылық саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстан экономикасына деген сенімнің дәлелі тартылған инвестициялардың көлемінен көрінеді. Біздің елімізге 1993 жылдан бері 160 миллиард АҚШ доллары тартылды. Сонымен қатар, Орталық Азияға салынған шетелдік барлық инвестицияның 80 проценті Қазақстанға тиесілі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта елімізде шетелдік капиталдың үлесі бар 10 мыңға жуық компания жұмыс істейтініне тоқталды.

– Бүкіләлемдік банктің «Бизнес жүргізу – 2012»  рейтингінде Қазақстан соңғы жылы 183 елдің ішінен 47-ші орын алып, бірден 11 сатыға көтерілді. Бүкіләлемдік экономикалық форумның қыркүйектегі Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі есебінің қорытындысы бойынша Қазақстан 21 сатыға көтеріліп, 51-ші орын алды. Бүгінде біз өзімізге Қазақстан экономикасын жедел әртараптандыру және жаңғырту жөнінде өр міндет қойып отырмыз. Біз өзіміздің төл өнеркәсіп өндірісін дамыту және қуат ресурстары экспортына деген тәуелділікті азайту ниетіндеміз. Менің ойымша, бұл тұста біздің экономикамыздың басымдығы бар салаларына инвестиция салуға ниетті австриялық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдету үшін зор әлеуетке жол ашылады, – деді Мемлекет басшысы.      

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан салықтық-инвестициялық ахуалдың қолайлылығымен, тұрақты қаржылық жүйесімен ерекшеленетінін атап өтті.

– Біздің елімізде табиғи ресурстардың айтарлықтай қоры бар. Бізде электр қуатының, газдың тарифтері төмен, теміржол тасымалы салыстырмалы түрде қымбат емес. Осының барлығы өнім өндірісінде өзіндік құнның негізгі бөлігін құрайды. Экономиканың басымдықтағы салаларында мемлекет көп жеңілдіктер жасап отыр. Біз экспортқа бағытталған қосалқы құны жоғары өнеркәсіп салаларын дамытуға мүдделіміз. Бұл тұста өзара тиімді ынтымақтастық үшін негізгі бағыттың бірі ретінде біз Австрияның осы саладағы әлемдік озық орнын ескере келе, машина жасау саласын көріп отырмыз, - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы біздің еліміз үшін жоғары технологиялық экономиканы – инновациялық, ядролық және нано технологияларды қалыптастырудың, сондай-ақ, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау және туризм салаларын дамытудың өте маңызды екенін атап өтті.

- Бірнеше ірі немесе орташа жобаларды жүзеге асыру австриялық бизнестің Орталық Азиядағы орнын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Оған қоса, әлеуетті инвесторлар үшін жиынтық жалпы ішкі өнімі шамамен 2 триллион АҚШ доллары және 170 миллион халқы бар біртұтас тауар нарығын білдіретін Қазақстан мен Ресей және Беларусьтің Кедендік Одағы жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінде Қазақстан-Австрия экономикалық әріптестігі үшін елдеріміздің саяси тұрақтылығын тірек еткен ең қолайлы жағдайлар жасалған, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөзінің соңында Қазақстан Президенті австриялық бизнес өкілдерін 2013 жылғы мамырда Қазақстанның елордасында өтетін VI Астана экономикалық форумына қатысуға шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар