Жаңалықтар

24 қазан 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия Республикасының Президенті Вацлав Клаус Қазақстан-Чехия бизнес-форумының ашылуына қатысты

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Чехия Республикасы Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі екенін атап өтті.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Чехия Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі екенін атап өтті.

- Қазіргі уақытта біздің еліміз – экономикаға шетел капиталын салу көлемі бойынша посткеңестік кеңістікте көшбасшылардың бірі. Бүгінгі күні республикаға 160 миллардтан астам доллар шетел инвестициясы тартылды. Реформалардың жылдам жүргізілуінің және жалпыға ортақ күш-жігердің арқасында, Қазақстан мұндай табыстарға 20 жылда жетті, ал оған өзге мемлекеттер бірнеше ондаған жыл ішінде қол жеткізген. Тарихи қысқа мерзімде елдің бір тұрғынына шаққанда жалпы ішкі өнімі 700 доллардан 12 мың долларға дейін артты, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан оң өсу динамикасын сақтай отырып, «дағдарыс» белең алған 2008-2009 жылдары да тоқтап қалмағанын атап көрсетті. 2011 жылы республикада жалпы ішкі өнім 7,5 пайызға ұлғайды. Бұдан екі жыл бұрын Қазақстанда Үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастады. Соған сәйкес, 2015 жылға қарай Қазақстан жалпы ішкі өнімді 2008 жылғы көрсеткіштен 50 пайызға ұлғайту ниетінде. Шикізат емес экспорттық үлесті экспорттың жалпы көлемінен кемінде 40 пайызға жеткізу қажет.

- Қазақстан Ресей және Беларусьпен бірге 170 миллионға жуық адамы бар орасан нарықты игеру үшін экономикалық хаб ретінде пайдалануылуы мүмкін. Көптеген кедендік кедергілер жойылуда, көлік транзитінің құны төмендеуде, үш елдің инфрақұрылымына қолжетімділік жеңілдей түседі. Жалпы ішкі өнімнің жиынтығы 2 триллионға жуық долларлық бірыңғай нарық құрылуда. Экономиканы одан әрі жаңғырту жөніндегі біздің жоспарымызда шетелдік инвестиция мен технологияның қажеттілігі ескерілген. Осыған байланысты біз Қазақстан экономикасын дамытуда индустриалды-инновациялық бағдарламаны іске асыру үдерісіне, Қазақстанның өнеркәсібін жаңғыртуға чех бизнесі анағұрлым белсенді атсалысады деп күтеміз. Чех кәсіпорындарының тәжірибе және технология жөнінде айтарлары бар деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті биылғы бизнес-форумы тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты орнықтырулары үшін жақсы мүмкіндік беретініне тоқталды.

- Біз технологиялық және өнеркәсіп парктерін құруда, өзара тиімді инвестициялық жобаларды іске асыруда чех тәжірибесін үйренуге мүдделіміз. Екіжақты экономикалық қатынастарды дамытудағы тиімді құралдардың бірі – шағын және орта бизнес арасында тікелей байланыстар орнату. Мен сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтар мен қол қойылған келісімдер біздің елдеріміздің сауда-экономикалық өзара қарым-қатынастарын дамытуды елеулі түрде ынталандыра түседі деп сенемін. Қазақстан-Чехия бизнес-форумы аясында қол қойылған, жалпы сомасы 250 миллионнан астам долларлық келісімдер менің сапарымның басты нәтижесі деп санаймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ чех бизнесмендерін 2013 жылы мамыр айында Қазақстанның елордасында өтетін VI Астана экономикалық форумына қатысуға шақырды.

Іс-шараның соңында Нұрсұлтан Назарбаев бизнес-форумға қатысушыларға Қазақстан мен Чехияның игілігі жолындағы бірлескен жұмыстарына табыс тіледі.   


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар