Жаңалықтар

23 қазан 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия Республикасының Президенті Вацлав Клаус келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөзге арналған бірлескен брифинг өткізді

Нұрсұлтан Назарбаев Чехияға келіп қайтуға шақырғаны үшін Вацлав Клаусқа алғыс білдірді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев Чехияға келіп қайтуға шақырғаны үшін Вацлав Клаусқа алғыс білдірді.

- Бұл – менің Чехияға бірінші ресми сапарым, бұл сапар біздің елдер арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толу қарсаңында өтуде. Бүгінде Чехия Республикасы біздің еліміз үшін Еуропалық одақтағы маңызды саяси әріптес болып саналады. Чехия - қатаң экономикалық дағдарыс жағдайында өзінің қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтаған санаулы мемлекеттің бірі. Біздің елдеріміздің өзара бірін-бірі толықтыратын экономикасы бар. Қазақстанның ресурстары мен чех машина жасау технологиясы өзара тиімді ынтымақтастық мақсатында бірлесе жұмыс істей алар еді. Біздің ел халықтарын тығыз тарихи байланыстар және қазіргі дамудың ұқсас жолдары біріктіреді. Соңғы онжылдықта біз ұқсас экономикалық реформалар жүргіздік. Чехияның бұл  саладағы тәжірибесі Қазақстан үшін қызықты, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы 2011 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 800 миллион доллардан асқанына және оны артыруға барлық жағдай жасалғанына тоқталды.

- Қазақстанда чех компанияларының 20 шақты өкілдігі және 76 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінгі кездесу елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуға серпін беретін болады. Біз Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу ниетіндеміз. Қазіргі таңда біздің республикамызда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылып жатыр және оны жүзеге асыруға чех компанияларын қатысуға шақырамыз. Ертең Қазақстан-Чехия бизнес форумы өтеді, оның аясында жалпы құны 250 миллионнан асатын ондаған жаңа коммерциялық жобаларға қол қойылады, ал бұл мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Менің бүгінгі сапарым елдеріміздің арасындағы әріптестікті нығайтады деп үміттенемін, - деді Қазақстан Президенті.

Қорытынды сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда инновация және индустрия саласында жұмыс істейтін инвесторлар үшін айрықша жеңілдіктер жасалып отырғанын айтты.    

Өз кезегінде Чехия Республикасының Президенті Вацлав Клаус Қазақстан Президенті сапарының екі ел арасындағы қарым-қатынастарды тереңдете түсуде маңызды стратегиялық мәні бар екеніне тоқталды.

- Біздің екіжақты кездесуіміздің соңғысынан, 2004 жылдан бері жеткілікті уақыт өтті, демек, келіссөздерді жалғастырудың қажеттігі туғаны анық. Біз Қазақстанды стратегиялық маңызды серіктесіміз санаймыз және ынтымақтастықты күшейтуге мүдделіміз. Біз экономикалық қарым-қатынастарды дамытуды көздеп отырмыз - бүгінде оны өсіру үшін үлкен әлеует бар. Қазақстан Республикасы - қарқынды даму үстіндегі ел және мен біздің өзара қарым-қатынастарымыз тек қана өсе беретін болады деп сенемін, - деді Вацлав Клаус.

Сондай-ақ, Чехия Республикасының Президенті Чехия мен Қазақстан арасында шешілмеген айтарлықтай түйткілдер жоқ екенін атап өтті. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша Әскери саладағы, денсаулық сақтау және медицина ғылымы салаларындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімге, Шығыс Қазақстан облысы мен Пльзенск өлкесі арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-технологиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар