National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті БРИКС ұйымы лидерлерінің кездесуіне қатысты

2015 жылғы 09 шілде

 

Кездесуге сондай-ақ БРИКС ұйымына мүше елдердің лидерлері – Ресей Президенті Владимир Путин, Бразилия Президенті Дилма Роуссефф, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Джейкоб Зума және шақырылған мемлекеттер басшылары қатысты.

Кездесу барысында өсіп-өркендеу мен даму жолындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар ортақ мүдделерге қатысты мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті Уфадағы саммиттер оған қатысушылардың әлемдік үдерістер жүлгесі бойымен қозғалуының айшықты көрінісі екенін атап өтті.


Көпполярлы әлемнің қалыптасуы, жаһандық сын-қатерлер мен қауіптер, сондай-ақ елдер мен өңірлердің өзара тәуелділігінің артуы бүгінде жаңа күн тәртібін түзіп отыр. Бұл ретте ЕАЭО, ШЫҰ және БРИКС сияқты бірлестіктер барған сайын көбірек рөл атқарады. Көлік коммуникацияларын көлденең және тік сызықтары өсім үшін жақсы мүмкіндіктер тудырады. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс біздің бәріміз үшін үлкен сабақ болды. Оның құндылығы – халықаралық қоғамдастықтың мына бір ақиқатты сезінуінде: күш-жігер жұмылдырмай, тереңдеп кеткен түйткілдерді, мүкістік пен теңсіздіктерді жою мүмкін емес, – деді Мемлекет басшысы.


Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманның өткір мәселелерін шешу ісінде Қазақстанның өзге елдермен өзара іс-қимылды жалғастыруға әзір екенін айтты.


Соның бірі – терроризм, онымен тек БҰҰ қолдауымен халықаралық желі құру арқылы ғана күресуге болады. Біз бұл зұлымдықпен күрес жөніндегі дүниежүзілік желіні құру үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының 70 жылдығының күн тәртібіне осы мәселені енгізуге тиіспіз. Терроризм – бүкіл әлемге, ең алдымен біздің өңірге төнген қатер, – деді  Қазақстан Президенті.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту, өңірлік интеграцияны нығайту, көлік байланыстарының әлемдік жүйесіне кіру елдердің болашақ дамуының негізін құрайтынына назар аударды.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың басымдығы бар бірқатар бағыттарын атады, соның бірі – өңірлік ынтымақтастықты дамыту.


Қазіргі үрдістер жағдайында ЕАЭО Батыс пен Шығыс арасындағы бір-бірін өзара толықтыратын ынтымақтастықтың дамуының жаңа кезеңі ретінде Ұлы Жібек жолын жаңғырту үдерісіндегі негізгі буынға айналып келеді. ШЫҰ да сенімсіздікті еңсерудегі қуатты серпінге айналды. Қысқа уақыт үзігі ішінде «Шанхай рухы» жаңа Еуразияның символына айналды. Қазірдің өзінде ЕАЭО мен ШЫҰ арасындағы қызу диалог алдағы трансқұрлықтық тығыз ынтымақтастықтың басталуына оңтайлы негіз қалауда. ЕАЭО-ШЫҰС көлденең көлік артериясы мен БРИКС тік көлік артериясының қосылуы сауданың күрт өсуіне ықпал ете алады. Болашақта оны біздің аумағымыздағы ортақ бірлестік және ортақ еркін аймақ ретінде қарастыруға болады, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті сондай-ақ көлік-транзит кооперациясы аясын кеңейту қажеттігін айтты.


Қазақстанның жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жібек жолы бағдарламасына қосымша ретінде біртұтас көлік-логистика кеңістігін дамыту мен жаңғырту бағытында белсенді шаралар қабылдануда. Орталық Азияны әлемдік коммуникация жүйесінің маңызды буынына айналдыру біздің елдің аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі учаскесін салуға мүмкіндік беріп отыр, оның 3000 шақырымының, сондай-ақ 1000 шақырымдық Қытай – Каспий теңізі – Парсы шығанағы теміржолының және 950 шақырымдық Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол дәлізінің құрылысы аяқталуға таяу. Бұл көлік артериялары Азияны, Еуропаны, Кавказды және Таяу Шығыс елдерін өзара байланыстыратын болады. Сары теңіздегі Ляньюнган портында Қазақстанның терминалының ашылуын да маңызды жетістік деп санаймыз.  Оны іске қосу арқылы Азия – Тынық мұхит өңірі мен Қазақстан арасындағы жүк ағыны мөлшерін 80% ұлғайтуға қол жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылар назарын өңірлік ынтымақтастықты қаржылай қолдаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру қажеттігіне  назар аударды.


Біз таяуда «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесі платформасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылдадық. Ол орталық Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының өзегіне, ал кейін бүкіл Орталық Азия өңірінің қаржылық хабына айналады. Инвестициялық-қаржылық ахуалды жақсарту бағытындағы бірлескен шараларды үйлестіру мүмкіндігін Инфрақұрылымдық инвестициялардың Азия банкі, Еуразия даму банкі және БРИКС даму банкі аясында қарастырған жөн деп санаймын, – деді Президенті Қазақстан.


Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін де қозғады.


Еуразиядағы ірі энергия ресурстарын өндірушінің бірі ретінде Қазақстан энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын құру ісіне қатысады. «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ынтымақтастықтың қолайлы платформасы бола алар еді. Бұл –инвестициялық өзара іс-қимыл үшін және баламалы энергия көздері саласында технологиялар мен озық тәжірибелер алмасу үшін жақсы мүмкіндік, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті азық-түлік қауіпсіздігі түйткілін шешудің маңыздылығына тоқталды.


БҰҰ-ның бағалауы бойынша, таяудағы 30 жылда демографиялық дүмпуге байланысты азық-түлік өндірісін екі еселеу қажет болады. Қазақстан бұл мәселенің шешілуіне өз үлесін қосуға әзір. Біздің еліміз әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың 10-дығына кіреді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Соңында Мемлекет басшысы әлемдік дағдарыс салдарының әсері мен экономикалық дамудың негізгі түйткілдерінің шиеленісуі мемлекетаралық диалогты ерекше өзекті әрі қажетті ете түсетінін атап өтті.


Теңдесі жоқ ЕАЭО, ШЫҰ және БРИКС формуласы планета халқының басым көпшілігінің қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу үшін ынтымақтасу жолындағы бірлігі мен ынтымағының белгісі қызметін атқарады. Үш халықаралық ұйымның өзара бір-бірін толықтыратын әлеуеті мен бірлескен мүмкіндіктері жаһандық проблемаларды шешуде оң рөл атқара алатынына  сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.


 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің