Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

6 сәуір 2013
Қазақстан Президенті Қытайға ресми сапары кезінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өткізді

 

Брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты стратегиялық ынтымақтастық аспектілерін талқылаумен қатар, еліміз үшін қызығушылық тудыратын ең өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның қолдауға ие болғанын мәлімдеді.

- Ең маңызды мәселелердің бірі трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттеу болып табылады. Си Цзиньпин Қытай Қазақстан экономикасына нұқсан келтіруі мүмкін әрекетке бармайтынын мәлім етті. Осылайша, трансшекаралық өзендер мәселесі келісім жолымен шешілетін болады және бұл үшін біз жұмыс тобын құрамыз. Сондай-ақ, біз Қытайға қазақстандық бидайды экспорттау туралы және селекция мен өсімдік шаруашылығы өнімдері салаларындағы үздік тәжірибені енгізу үшін пайдаланылуы мүмкін үлгілі аграрлық нысанды бірлесіп құру туралы уағдаластық. Бұған қоса, келіссөздер барысында Тынық мұхитындағы Ляньюнган портында қазақстандық терминал құрылысын салу үшін жер беру туралы мәселе қаралды. Өйткені біз үшін Азия-Тынық мұхиты өңіріне шығу мүмкіндігі өте маңызды, - деді Қазақстан Президенті.   

Мемлекет басшысы осы негізгі мәселелер жаңадан сайланған ҚХР төрағасының биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанға алғашқы сапары барысында қарастырылатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті CNPC компаниясының басшылығы республикамыздың оңтүстік өңірлері үшін маңызды мәнге ие «Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысын биылғы қазан айында аяқтау жөніндегі жоспарды бекіткенін айтты.

Бұдан бөлек, Астанада жаңа ұлттық би және балет академиясының құрылысын салу ұсынылды, ол келешекте осы саладағы қытайлық университетпен ынтымақтастық орнатуы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайда ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруда оң тәжірибесі бар Қытай Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жасауға және өткізуге белсене қолдау көрсете алатынын атап өтті.

- Ең бастысы - көрмеге бес миллион адамның келуі. Сондықтан мен 2017 жылды Қазақстанда Қытай туризмі жылы деп жариялау туралы ҚХР Төрағасымен келістім. Сонда бізге келушілер қатары артады және ҚХР-нің арнаулы павильоны салынатын болады. Бұл достас ел бізге өте ауқымды іс-шараны өткізуге көмектесетін болады, - деді Мемлекет басшысы.     


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар