National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

2013 жылғы 13 қыркүйек

Сондай-ақ, отырысқа ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов қатысты.

Сонымен қатар, Кеңеске ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттердің, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың делегация басшылары қатысты.

Кеңестің шағын құрамда өткен отырысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ұйым бойынша серіктестерге ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму Стратегиясын әзірлеу идеясын қолдағандары үшін ризашылық білдірді. Ол аталған құжаттың негізін ШЫҰ Форумы мен тараптардың жетекші сарапшыларын тарта отырып дайындау қажеттігін, Ұйым қызметінің негізгі бағыттарының теңдестірілген қағидаттары орын алуы тиіс екенін атап өтті. 

Қазақстан Президенті ШЫҰ Бас хатшысының рөлін және Ұйым Хатшылығы қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті.

Кеңестің кеңейтілген құрамда өткен отырысы аясында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ кеңістігіндегі және іргелес өңірлердегі тұрақтылық бейбітшілік пен өсіп-өркендеудің кепілі болып саналатынын атап өтті. Мемлекет басшысы өңірлік қауіпсіздіктің ең өзекті проблемасының бірі ретінде жаңа тарихи кезеңге енетін Ауғанстандағы жағдайды атады.

– Кабулге ШЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесін ұсыну туралы шешім іс жүзіндегі экономикалық қадаммен қуатталуы қажет деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Иранның ядролық бағдарламасы айналасындағы жағдайға қатысты      Қазақстан Президенті бұл проблеманы тек қана бейбіт жолмен, дипломатиялық құралдар арқылы шешуге болатынын атап өтті. Ол Алматыда өткен «5+1» форматындағы келіссөздердің екі раунды бұл мәселеде оң серпіліске қол жеткізуге мүмкіндік бергенін және Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы айналасындағы жағдайды реттеуге барынша көмектесуге дайын екенін және одан әрі де көмектесе беретінін айтты.

Мемлекет басшысы Сирияда химиялық қарудың қолданылғаны туралы хабарламаларға байланысты Қазақстанның айрықша алаңдаушылығын білдірді, сонымен бірге БҰҰ сарапшылары қуаттаған қорытындыларды басшылыққа алуға шақырды.

– Кикілжіңді дипломатиялық жолмен шешудің мүмкіндігі әлі де бар екеніне сенімдімін. Қазақстан Сирияның химиялық қаруын халықаралық бақылауға беру туралы бастаманы, Химиялық қаруды әзірлеу, өндіру, жинақтау мен қолдануға тыйым салу және оны жою жөніндегі конвенцияға Сирияның қосылуын қолдайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті атап өткендей, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстың барлық өңірінде қалыптасқан жалпы қауіпті ахуал жаһандық қауіпсіздікке төнген қатер болып табылады және ШЫҰ жауапкершілігі аймағындағы жағдайға теріс ықпалын тигізеді.

Мемлекет басшысы Өңірлік террористік құрылымдарға қарсы атқару комитеті функцияларын кеңейту есебінен кибертерроризмге және киберқылмыстарға қарсы күрес, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің шекаралық мәселелер жөніндегі ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімге қол қоюды қоса алғанда, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес мәселелері жөніндегі ШЫҰ аясындағы жұмысты күшейтуді ұсынды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастықтың экономикалық бөлігін байыптауға назар аударды.

–   ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, әлемдік экономикаға одан әрі интеграциялану кезінде мейлінше тиімділікке және тәуекелдерді азайтуға қол жеткізу маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

 Осыған байланысты ол бұдан бұрын қабылданған Көптарапты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын, оны орындау жөніндегі жоспарды және ШЫҰ аясындағы жобалық қызметті одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар тізбесін қарқынды іске асыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы Арнайы шот (Даму қоры) пен ШЫҰ даму банкін құру экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыратынына тоқталды. Серіктестікті күшейтудің өзге тетіктері ретінде ол ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің әлеуетін пайдалануды атады.

Сонымен қатар, көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуда халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдай жасау туралы үкіметаралық келісімге қол қою маңызды мәнге ие болады.

Қазақстан Президенті ШЫҰ Энергетикалық клубы мен Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін құру қажеттігін атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі су проблемасына және бұл мәселені талқылау үшін ашық диалог алаңын құру қажеттігіне назар аударды.

Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы серіктестікті дамытудың маңызды екенін де айтты.

– Мәдениет, білім, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, ғылым мен техника, спорт пен туризм салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету «шанхай процесінің» маңызды бөліктері деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Кеңес отырысының қорытындысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Бішкек декларациясы қабылданды.            

Сонымен бірге, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ұзақмерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт ережелерін іске асыру жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары,  ШЫҰ-ның 2012 жылдың маусымы мен 2013 жылдың қыркүйегі аралығындағы қызметі туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы,  ШЫҰ-ның Өңірлік террористік құрылымдарға қарсы Атқару комитетінің (ӨТҚАК) 2012 жылғы қызметі туралы ӨТҚАК-нің баяндамасын бекіту туралы Кеңестің шешіміне қол қойды.

Іс-шара соңындағы баспасөз мәслихатында А.Атамбаев Кеңес отырысының қорытындысын шығара келе, оның жемісті өткеніне тоқталды.

– Біз қабылдаған қорытынды декларацияның зор халықаралық мәні бар. Онда әлемдегі ахуалға қатысты, соның ішінде ең өткір мәселелер жөнінде келісілген тұжырымды көзқарастар мен байыпты бағалаулар көрініс тапты, – деді Қырғыз Республикасының Президенті.      

 А.Атамбаев қырғыз тарапы төрағалықтың кезегін Тәжікстан Республикасына бергенін және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің келесі отырысы 2014 жылы Душанбеде өтетін болып шешілгенін мәлімдеді. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің