Жаңалықтар

8 тамыз 2007
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстанның жедел дамуының маңызды факторы болып табылады, - деп мәлімдеді Қ.Саудабаев отырыстың барысында.


Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндама жасады.


Бағдарламаның жекелеген қағидаларының және осы саладағы Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы туралы Бас прокурор Рашид Түсіпбеков, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Зауытбек Тұрысбеков, Қаржы министрі Наталья Коржова, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің міндетін атқарушы Виктор Супрун және Әділет министрінің міндетін атқарушы Дулат Қосдәулетов баяндады.


Отырыста құқықтық жүйе құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар қабылдау сияқты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жеткілікті түрде іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін, қабылданған шаралар, құқық қорғау органдарының тиісті жұмысы атап өтілді.


Сонымен қатар, Комиссия төрағасы атап өткендей, «мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы функциясын құқық қорғау органдарының жұмысы тұрғысынан ғана қарамау қажет. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан әкімшілік және конституциялық реформаларды іске асыру ерекше маңызға ие болуда. Президент Н.Ә. Назарбаев әкімшілік реформасының қисыны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталғандығын атап көрсетті. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықтың ауқымы мен салдарларын нақты бағалай отырып, осы қауіпті құбылыспен алдағы уақытта да қатаң және шешуші түрде ымырасыз күрес жүргізуге ниеттеніп отыр. Біздің комиссия осы ниетті іске асырудың басты құралы болып табылады, өйткені ол барлық мемлекеттік құрылымдардың күш-жігерін үйлестіреді және Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруға бағыттайды. Комиссия мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын және оны іске асырудың тиімді тетіктерін әзірлейтін орталық, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам құру үрдісінің локомотиві болуға тиіс. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының бүгінгі деңгейін де бұл үшін қажетті алғышарттар жасап отыр.».


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту мақсатында Комиссия мыналарды ұсынды:


- заңдар мен заңға тәуелді актілердің жобаларын міндетті түрде криминологиялық сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізуді енгізу;


- рейдерлікке қарсы күрес туралы заң жобасын уақытында дайындауды қамтамасыз ету;


- Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне салық тексерулерін жүзеге асыру жөнінде өкілеттіктер беру мүмкіндігін қарастыру;


- мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейін рейтингтік бағалау жүйесін енгізу.


Сондай-ақ, Комиссия сыбайлас жемқорлықпен күрестегі Қазақстан күш-жігерінің халықаралық тұрғыдан оң қабылдануын қалыптастыруға көңіл аударды. Осы мақсаттарда сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы елдік рейтинг әзерлейтін тиісті халықаралық ұйымдармен жүйелі және дәйекті жұмысты жолға қою және Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 31 қаңтардағы БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялауға дайындық жүмысын жеделдету ұсынылды.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйін тұрақты түрде мониторингтеуді қамтамасыз ету және мәселелерді жедел қарау үшін Комиссия жанынан тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылатын болды.


Отырысты қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы: «Сыбайлас жемқорлық Қазақстаннан шығып отырған және соған ғана тән құбылыс емес, ол белгілі да бір мөлшерде кез келген мемлекетті қамтыған дерт. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы зұлматпен тәуелсіздік жылдары бойы ымырасыз, жүйелі, дәйекті және тиімді күресіп келуі біздің еліміздің беделінің өсуіне игі әсер етті. Президент бізге сеніп тапсырған осы сала қоғам өміріне әсері мол және аса ауыр болып табылатындығын ескере отырып, біз Комиссияның жұмысы қазақстандықтардың Мемлекет басшысы кепілі болып табылатын әділдікке, заңдылыққа және олардың құқықтарын мүлтіксіз сақтауға деген сенімін күшейте түсу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Біз заңнамалық және атқарушылық деңгейде сыбайлас жемқорлықты барынша қолайсыз ететін жағдайлар жасауға тиіспіз. Бұл жұмыс сыбайлас жемқорлықты біздің қоғамымыздағы қалыптан тыс құбылыс ететін моральдық-этникалық атмосфераны жедел әрі дәйекті қалыптастырумен нығайтылуы тиіс. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жалпыхалықтық іске айналуына қол жеткізуіміз қажет» деп атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар