Жаңалықтар

6 қаңтар 2010
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Рождество Христова мерекесімен құттықтауы

Қымбатты отандастар!

 

Православиелік христиандарды және барша қазақстандықтарды жарқын мейрам – Рождество Христова мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Біздің елімізде адамды жақсылық пен мейірімділікке, есіркеу мен сүйіспеншілікке шақыратын барлық дінге бірдей құрметпен қарау қарым-қатынастары орныққан. Бізде Рождествоның Құрбан айтпен бірге демалыс күні болып жарияланғаны кездейсоқтық емес.

 

Православие - Қазақстанда ең көп тараған конфессияның бірі. Орыс православие шіркеуі қоғамымызда бейбітшілік пен келісімнің нығаюына, мемлекет пен діни бірлестіктердің арасында пайдалы диалогтың дамуына үлкен үлес қосуда, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге белсене қатысып келеді. Осының бәрі терең құрметке лайық. Православие дінбасылары мен дін өкілдері өзге де барлық конфессия өкілдерімен бірге Қазақстанның ырыс-байлығының артуына атсалысып, қоғамымызда төзімділік пен түсіністікті нығайтуда. 

 

Менің шақыруым бойынша бірнеше күннен кейін Қазақстанға Бүкіл Ресей және Мәскеу Патриархы Кирилл мінәжаттық сапармен келеді. Астанадағы жаңа кафедралық соборда болады. Бұл сапар еліміз өміріндегі айрықша оқиғаға айналады деп сенемін. 

 

Рождество мерекесі миллиондаған адамдардың үйіне қуаныш әкеледі. Бұл - көмек пен қамқорлыққа мұқтаж адамдардың барлығына шынайы тұрғыда қайырымдылық пен мейірімділік көрсетілетін күн. Осы мереке қазақстандықтарға шынайы махаббат пен достық, биік рухани байлық әкелсін! 

 

Баршаңызды Рождество Христова мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге, қымбатты менің отандастарым, зор денсаулық, бейбітшілік, тыныштық және игілік тілеймін!


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар