Жаңалықтар

14 тамыз 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Астанаға келген Моңғолия Президенті Намбарын Энхбаярмен кездесті.
big-03.jpg

Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.


Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың перспективаларын, инвестициялық және банктік, тағы басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Мемлекет басшылары атап өткендей, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы саяси өзара іс-қимыл деңгейіне сай келмейді. Мысалы, 2006 жылы екіжақты тауар айналымы 67,4 миллион доллар болса, биылғы жылдың бес айында небәрі 12,9 миллион долларды құрады. Қазақстан 2006 жылы Моңғолия экономикасына 3,7 млн. доллар инвестиция салды. Қазақстанда – 10, ал Моңғолия аумағында – 17 бірлескен кәсіпорын тіркелген.


Экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында екі елдің үкіметтеріне Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру, Қазақстан мен Моңғолияның іскер топтары арасындағы қарым-қатынасты жолға қою тапсырылды.


Келіссөздер барысында екі елдің көлік-транзиттік мүмкіндігін дамытуға да баса назар аударылды.


Тараптар бірқатар халықаралық өзекті проблемалар жөнінде де пікір алмасты. Осы орайда екі елдің халықаралық ұйымдар және форумдар аясындағы табысты ынтымақтастығы аталып өтілді. Моңғолия Қазақстанның БСҰ-ға мүше болып кіруіне қолдау білдірді.


Тараптар Қазақстан мен Моңғолияның барлық талқыланған мәселелер бойынша көзқарас ортақтығын атап өтті.


Моңғолиядағы 90 мыңға тарта қазақ диаспорасы екіжақты қарым-қатынастың маңызды факторының бірі және екі мемлекетті байланыстыратын өзіндік «достық көпір» болып табылады.


Осыған байланысты Қазақстан жағы Моңғолия жерінде тұратын отандастарымыздың салт-дәстүрін, мәдениеті мен ана тілін сақтауы үшін барлық мүмкіндік жасалуына мүдделі екенін атап өтті. Осы мақсатта Қазақстан ондағы отандастарымыз үшін қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдебиеттер жіберіп тұрудың жолдарын қарастырады. Сонымен қатар, шығармашылық ұжымдардың бір-бірімен тұрақты түрде байланыстар жасап, келіп-кетулері жолға қойылатын болды.


Кездесу қорытындысы бойынша Моңғолия мен Қазақстан Президенттері Бірлескен мәлімдеме қабылдады, онда өзара іс-қимылдың кешенді мәселелері айқындалды, тараптардың сындарлы саяси үнқатысуды жалғастыру ниеті қуатталды.


Бірлескен мәлімдеменің мәтінін мына жерден қараңыз.


Үкіметаралық деңгейде бес келісімге қол қойылды, олар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.


Қол қою рәсімінен кейін Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Намбарын Энхбаяр Бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар