National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде сөйлеген сөзі


Құрметті мемлекет басшылары!

Аса құрметті Елбасы!

 

Ең алдымен, ұсынысымызды қабыл алып, бүгінгі бейресми саммитке қатысуға келісім бергендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік.

Алайда, пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік.

Індеттің беті қайтқан соң, бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын. Бұл – күллі түркі жұртының төл мерекесі. Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін!

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

 

1992 жылы Анкарада өткен алғашқы басқосуда Елбасы түркі елдерінің басшылары бұдан былай киелі Түркістанда кездесіп тұрады деп айтқан.

Түркістан – барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт.

Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды.

Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру.

Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз.

Сол себепті, бүгінгі саммит «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды.

 

Құрметті әріптестер!

 

Былтырдан бері бүкіл әлем теңдессіз сын-қатерлермен күресіп келеді. Соған қарамастан, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жалпы алғанда бәсеңдеген жоқ. Бүгінгі отырыс – соның дәлелі. Алайда, күрделі кезеңде қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруымыз қажет. Осы мақсатта мынадай мәселелерге баса назар аударған жөн деп санаймын.

Біріншіден, індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – азаматтарымызды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету екені айдан анық. Біздің елдеріміз де екпе шығаруды қолға алды. Ортақ мүддеге сай тәжірибе бөлісіп, бір-бірімізді қолдауымыз қажет деп санаймын.

Өкінішке қарай, халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтасып әрекет ете алмады. Негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осындай күрделі жағдайда өз әлеуетін көрсете алмады.  

Осы күрделі кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Бұл ретте, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Сіздер осы тың идеяны қолдайсыздар деп сенемін. Агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік берері сөзсіз.

Екіншіден, пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болды. Бұл – пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен. Сондықтан, біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын.

Бұдан бөлек, су-энергетика саласы – қатынастарымыздың тағы бір құрамдас бөлігі. Өйткені, су мәселесі біздің аймақтағы өте маңызды, күрделі проблемаға айналып отыр. Трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану – елдеріміздің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі. Осы орайда, өздеріңізбен бірлесе гидроқұрылымдар салу жобаларына атсалысуға дайынбыз.

Пандемия жаңа технологияның күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қазір технология түрлі салаларға жедел енгізілуде. Сондықтан, мемлекеттерімізді жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Қазақстанда бұл сала басымдыққа ие болды. Электрондық үкімет
(E-gov) табысты жұмыс істеуде.

Банк және қаржы жүйесінде (FinTech) озық технологиялар мен цифрлық шешімдер кең қолданыс табуда. Біз осы салада сіздермен тәжірибе алмасуға әзірміз.

Үшіншіден, Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету қажет. Бұл – біздің елдерімізге ортақ алғашқы қаржы институты. Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ.

Төртіншіден, білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте, ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн. Сол арқылы жастардың заман талабына бейімделуіне жол ашылады. Оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болар еді. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Біз бауырлас елдердің жастарына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу үшін 50 грант бөлуге дайынбыз (Ясауи атындағы стипендия).

Бесіншіден, қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келеді. Іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһары археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан, ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек, тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп.

Алтыншы, Кеңесіміздің мәртебесін арттырып, институционалдық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыру – уақыт талабы. Осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабылданатын Түркістан декларациясына енгізіп, бекітуді ұсынамын.

 

Қадірлі ағайын!

Қазіргі халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызы арта түскені баршаға мәлім. Ендеше, Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша өзіміздің көзқарасымызды білдіруіміз керек. Біздің дауысымыз нық әрі айқын болуға тиіс. Осы орайда, біз барлық бастамалар мен ұсыныстарды бауырлас елдермен бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз.

 

Құрметті әріптестер!

 

Бүгінгі тарихи басқосуымызды түйіндей келе, тұтас түркі әлемі үшін маңызы зор Түркістан декларациясын қабылдауды ұсынамын.

 

* * *

Баршаңызды декларацияның қабылдануымен құттықтаймын!

Осымен бейресми саммиттің жұмысы аяқталды.

Бірлігіміз жарасып, Наурыздан Наурызға бірге жете берейік!

Ыстанбұл қаласында кездескенше аман-сау болайық!