Бөлімдер санаты
Сөйлеген сөздер
Оқиғалар күнтізбесі
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 
 
 
 
 
 
1
2345678
9101112131415
1617
18
19202122
23242526272829
30
 
 
 
 
 
 
Барлық жаңалықтар

Сөйлеген сөздер

31 мамыр 2012
ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІНІҢ IV СЪЕЗІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҮНДЕУІ. Астана, 2012 жылғы 30-31 мамыр.

Біз, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезіне қатысушылар, жаратушының адам баласының бесенесіне бұйыртқан болмысын, оның қадір-қасиеттері мен ажырағысыз құқықтарын сөзсіз мойындаймыз. Біз адамзаттың жарқын болашағы үшін оның бірден-бір айнымас таңдауы болып табылатын бейбітшілік пен келісімге өз ұмтылысымыз бен адалдығымызды білдіреміз.

Біз адамзаттың ортақ игілігі үшін түрлі діндерді ұстанушылардың, халықтар мен мемлекеттердің арасындағы өзара құрметтеуді, түсіністікті және ынтымақтастықты жақсартуға бағытталған діндер мен мәдениеттер диалогын ілгерілету жолындағы ізгі бастамасы үшін Қазақстан Республикасына терең ризашылығымызды білдіреміз.

Біз қазіргі әлеуметтік проблемаларды шешудің және жалпыға бірдей бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізудің ең маңызды да ықпалды құралдарының бірі дін екендігіне сенеміз.

Біз, саяси және қоғам қайраткерлерімен қатар,  дінмен бүркемеленген экстремизм мен терроризмді қамтитын қазіргі кездегі рухани, этностық және моральдық сын-тегеуріндерге тиісінше жауап қатуға әзір екендігімізді білдіреміз.

Түрлі діндер мен рухани дәстүрлерді ұстанатын барша адамдардың атынан біз дінаралық диалог арқылы ілгерілейтін өзара құрметтеуді, түсіністікті және келісімді ортақ құндылықтар деп танимыз. Бұлардың маңыздылығы XXI ғасырдың екінші он жылдығында адамзат қоғамдастығы сенімге, достыққа, ынтымаққа, әділеттілікке және жасампаздық қызметке деген ұмтылысын жоғалтпайды деп шүбәсіз үмітпен нық айтуға мүмкіндік береді. Сондықтан бізге әлемнің әртүрлі діндері мен мәдениеттерінің артықшылықтарын барынша толық пайдалану қажет.

Біз қоғамның имани-рухани негізін нығайтуды және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта түлетуді әлемнің тұрлаулы дамуының талассыз шарты, адам болмысының мәні мен мақсатын танудың кілті деп санаймыз.  Біз әйел затының отбасындағы және қоғамдағы жасампаздық рөлі адамдар мен ұйымдар тарапынан терең құрметке бөленуге, қадірленуге және барынша қолдау табуға тиіс екендігіне кәміл сенеміз.

Әлемнің болашағы – жастардың қолында. Біз жастарымыздың өмірлік оң бағдарларын қалыптастырудың, олардың имандылық негіздерін орнықтырудың, рухани дамуының және барлық деңгейде білім беру арқылы өркендеуінің маңыздылығын қуаттаймыз.

Қазіргі заман жастары ерте кезден-ақ өзінің діни дәстүрлері туралы іргелі ілімдер алуға, өзінің ана тілі мен тарихын, мәдениетін білуге құқылы. Бұл ретте біз өз дінін білетін адам басқа дінге тәкаппарлықпен қарамайтынына сенімдіміз.

Осы қасиеттер арқасында әлем өзін-өзі кеузеуден қорғап, өзінің өркендеу әлеуетін күшейте түсетініне сенімдіміз.

Бізді әлемнің түрлі бөліктерінде зорлық-зомбылыққа жол ашып жатқан толассыз соғыстар, этносаралық қақтығыстар, қылмыстың өсуі, діни төзімсіздік пен радикализмнің бой көрсетуі алаңдатады. Діни дәстүрлерімізді басшылыққа ала отырып, біз үрейлендірудің немесе күш қолданудың кез келген түрін айыптаймыз және барлық мемлекеттерді мұндай проблемаларды диалог арқылы шешу үшін бірлесіп күш-жігер жұмсауға шақырамыз.

Өзара құрмет пен түсіністік, жанашырлық пен кешірімділік, әділеттілік пен ынтымақ, бейбітшілік пен келісім қағидаттарына негізделген диалог қауіпсіз әлем құрудың бірден-бір жолы деп кәміл сенеміз. Біз осы орайда діни қауымдар, саяси көшбасшылар, халықаралық ұйымдар және азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетігін жетілдіруге шақырамыз.

Біз түрлі діндер өкілдерінің арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді мақсат еткен Діни лидерлер кеңесін қолдаймыз.

Барлық ізгі ниетті адамдарды әділетті, қауіпсіз, өркендеген әлем құру үшін бізді қолдауға әрі күш-жігерді біріктіруге шақырамыз.

Біз әрбір адамға тыныш та шуақты ғұмыр, жақсылық пен береке тілейміз.


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер