Бөлімдер санаты

Сөйлеген сөздер

24 қазан 2001
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың республикалық БАҚ тілшілеріне берген сұхбаты

Тұрақтылық – тәуелсіздік тұғыры


Ержұман Смайыл, “Егемен Қазақстан”:


- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, ең алдымен, Сізді “Егемен Қазақстан” газетінің 107 мың оқырмандары атынан еліміздің егемендігін жариялаған – Республика күні мерекесімен құттықтаймын. Қазақстанның егемендік туы астындағы 15 жылына қалай баға берер едіңіз?


Бұл жөнінде осы жылдар ішінде, әсіресе, кейінгі кездері көп айтылып та, жазылып та келе жатыр, шығармалар да шығып жатыр, көп айта беретін жәйт жоқ шығар. Кейін бір көсіле сөйлейтін болармыз бұл әңгіме жөнінде. Дегенмен, осы сұрақты пайдалана отырып, мен барлық қазақстандықтарды, отандастарымызды алда келе жатқан егемендіктің 15 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.


Егер қысқаша еске түсіретін болсақ, бұл Кеңес одағының, Ком¬мунистік партияның күркіреп тұрған кезі, 1990 жылы болатын. Егемендікті жариялауға қарсы шыққан Горбачевтің өзі болды. Жоғарғы Кеңесті басқарған Лукьянов, Үкіметті басқарған Рыжков, тағы басқалары маған телефон шалып, “сендер асықпаңдар, республикаларыңның көп ұлтты екенін ойлаңдар, Кавказ тәрізді бүлініп кетпеңдер” деген әңгімелері көп болды. Дегенмен біз сол кезде Егемендік туралы декларация қабылдадық. Сіздердің газеттің аты да “Егемен Қазақстан” ғой. Сол кезде егемендікке байланысты “Егемен Қазақстан” деп атын өзгерткен болатынбыз.


Ол, бір жағынан, қуанышты, екінші жағынан, қиын кезең еді. Әртүрлі жағдайлар болды. Мінеки, содан бері 15 жыл өтті. Үлкен өзгерістер жүзеге асты. Соның ішінде Қазақстан көш бастап келе жатқанын халықтың барлығы біледі. Оны дүние жүзі көріп-біліп отыр. Өстік, өндік, мемлекетімізді нығайттық. Шекарасын шегеледік. Халқымыздың еңсесі көтерілді, жастарымыз өсіп келе жатыр. Психологиялық жағдай да өзгерді. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, бүгінгі таңда жүргізілген реформаның, атқарылған еңбектің жемісін көріп отыр. Бірақ болашақта істейтін жұмыс халықта да, бізде де өте көп. Меніңше, 15 жыл ішінде біз 100 жылға татитын өте үлкен шаруа жасап, елдің де, мемлекеттің де бағыт-бағдарын өркениет көшіне қарай бұрдық деп санаймын. Бұл барлығымыз үшін өте қымбат. Әсіресе біздің буын тарихтың асқақ міндетін атқарып келе жатыр деп айтуға болады.


Олег Квятковский, “Казахстанская правда”:


– Құрметті Президент мырза! 25 қазанда іс жүзінде сайлауалды науқаны, дәлірек айтқанда, оның белгілі бір кандидат үшін негізгі үгіт жұмыстары жүргізілетін науқаны басталатыны белгілі. Сіз бұл сайлау науқанын қалай сипаттаған болар едіңіз, оның ерекшеліктері қандай?


– Сайлау науқанының сайлау науқанынан айырмашылығы жоқ. Әлбетте, осындай кезеңде оған бізде ғана емес, бүкіл әлемде ерекше маңыз беріледі. Алайда, мен бұл жолғы сайлау науқанында бұрынғы сайлау науқандарымен салыстырғанда айырмашылық бар деп есептеймін. Жеті жыл ішінде мемлекет айтарлықтай ілгері басып кетті. Осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасы үш есе өсті және біз бұл туралы айтқанбыз. Егер 1999 жылы ІЖӨ адам басына шаққанда 1000 долларды құраса, осы жылды біз адам басына 3500 доллармен аяқтағалы отырмыз. Осыған байланысты қазақстандықтардың өмірі жақсарды. Соңғы жылдары біз ауыл шаруашылы¬ғында да, өнеркәсіпте де өте жақсы жұмыс істедік. Яғни, өмірдің өзі жаңаша сипатқа енді. Бұл – бір. Екіншіден, сол кезде біз бүгінде шекарамызға жақын келген лаңкестік пен экстремизм секілді сынақтарды қазіргідей өткір сезінген жоқпыз. Және де есірткі трафигі секілді қасірет қазіргідей ауқымда емес еді.


Әрине, оппозицияның құрылуы мен оның еліміздегі ұстанымдары, барлық азаматтарымызға берілген БАҚ-тардағы сөз бостандығы, бақылаушылардың кең көлемде қатысуы – бұл  саясаттандыру. Дегенмен, осыған орай еске сала кететін болсам, мысалы, Ұлыбритания және Польша секілді елдер өздерінің заңдары арқылы бақылаушыларға мүлдем тыйым салады. Біз сайлауды бақылағылары келетін көптеген бақылаушыларды тіркеуден өткіздік. Олардың қатарында сыртқы бақылаушылармен қатар, ішкі бақылаушылар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер бар. Осының барлығы бүгінгі сайлаудың бұрынғылармен салыстырғанда ерекшелігін білдіреді.


Мен әділ сайлау өткізу, барлық кандидаттарға тең мүмкіндіктер жасау туралы 1 қыркүйекте сөйлеген сөзімде айттым, бұл сондай-ақ осы мәселеге байланысты арнайы қол қойған Жарлығымда да айтылды. Бұл ОСК-нің үндеуінде де айтылды. Мен осы жолы Орталық сайлау комиссиясы әрбір кандидатқа бәрін де – мемлекеттік БАҚ-тар сөздерін жариялауға қалай берілетінін, барлық кандидаттар үшін, оның ішінде билік жағындағылар үшін де, митингілер қайда өтетінін тәптіштеп көрсетіп, барлығына тең құқық ұсынып, бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады деп санаймын. Мен мұны бұрын-соңды болмаған іс деп есептеймін.


– Барлық кандидаттарға жасалған тең мүмкіндіктер көп нәрсе күттіретіндей. Сайлаудың ашықтығына, айқындығына және адалдығына қол жеткізудің тетіктері қандай?


– Тетіктер – бұл “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Заңды бұлжытпай орындау және еліміздің Конституциясы мен заңдарын сақтау. Бұл тетіктер қандай жағдайда да орындалуы тиіс. Жергілікті жерлердегі атқарушы органдар, тұтастай алғанда билік, Орталық сайлау комиссиясы бүгінде халқымыздың өз еркін ашық білдіруін қамтамасыз ету үшін бәрін де жасап жатыр. Бірақ осы арада мына бір аса маңызды мәселе туралы айта кеткен жөн. Орталық сайлау комиссиясы барлық саяси партияларды, қоғамдық қозғалыстарды алдағы сайлауды заң және Конституция шеңберінде өткізуге шақырған үндеу қабылдады. Іс жүзінде барлық саяси партиялар мен қозғалыстар үндеуді қолдайтындықтарын, заң шеңберінде жұмыс істейтіндіктерін білдірді. БАҚ және олардың басшылары қара пиар, бір-бірін күйелейтін материалдар жарияланбауы үшін, бәрі де өркениетті болуы үшін бас қосқанын білемін, солай ғой? БАҚ-тар өздерінің әріптестерін осыған шақырды. Мұның да маңызы өте үлкен.


Халықаралық ұйымдар қолдап отырған осындай тамаша үндеулерді қолдамайтындар заңдар мен Конституцияны айналып өтуге қабілеттіміз дегенді айтқылары келетін шығар. Бұл жерде мен іс басындағы Мемлекет басшысы ретінде барлық жауапкершілікті мойныма ала отырып, мынаны айтқым келеді: заңдарды бұзуға, олардың шеңберінен шығуға заң бойынша ырық берілмейтін болады. Егер сайлау науқаны барысында және қазіргі кезде кандидаттар мен олардың жақтастары адамдарға күйе жағып, заңдарды бұзатын болса, мұны біз бүгінде естіп, көріп жатырмыз, мұның бар¬лығы тіркелу үстінде, бұл әрекеттерге құқықтық баға беріліп, кейін шара қолданылатын болады.


Бүгінде бізде бағдарламаларын ұсынатын, халыққа өзінің қазіргісінен ерекше қадамын түсіндіретін қалыпты да өркениетті оппозиция пайда болатындай тамаша мүмкіндік бар. Нақ осы жолмен жүру керек. Қазір біз естіп жүрген, бір-бірін қаралайтын айғайшылдықтың қажеті жоқ. Түптің түбінде біз өркениетті адамдар болуға тиіспіз, ал өркениетті оппозициямен билік қашанда есептесетін болады. Қазір бізде мұндай мүмкіндік және тіпті қажеттілік бар. Егер оппозиция өзін осындай қырынан көрсете білсе, бұл оның тарихи еңбегі болар еді. Бірақ олар өздерінің осы міндеттерін орындай ма, жоқ па, көреміз.


Думан Хамит, “Қазақстан” ұлттық телеарнасы:


– Сіз үнемі тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтау туралы айтып келесіз. Неліктен осы екі мәселеге ұдайы көңіл бөле бересіз?


– Қазақта “Армансыз елдің ақылы дұрыс болмас, қазақ бірікпей бақ қонып, ырыс қонбас” деген бір керемет сөз бар. Осы тұрғыдан бастап айтатын болсақ, халықтың барлығы оны түсінуі керек. Кейбіреулер тұрақтылық туралы қайталап айта береді дейді, бірақ бізге дүниеде осыдан ештеңе артық емес. Біздің барлық жетіс¬тіктерімізді, істеген шаруаларымызды халық қолдап жатыр, елді аралағанда осыған көз жеткіздік, қазір де көріп отырмыз. Осының барлығы ел ішіндегі тұрақтылықтың нәтижесі. Ең алдымен, біздің қазақ халқы бірлікте болуы керек. Егер де Қазақстан халқының ішіндегі небәрі 8 миллионның ар жақ-бер жағындағы қазақ екіге жарылып, бір-бірімен бақ таласқа, тақ таласқа, ауыл таласқа түсетін болсақ, біз бүгінгі  жетістіктерімізден айырылып қана қоймаймыз, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізден айырыламыз. Тарихта талай рет солай болған. Бұл мәсе¬лені біздің зиялы қауым, ертеңін ойлайтын қазақ, арғы жағы-бергі жағын бағамдай білетін қазақтың барлығы біледі. Екінші жағынан, көпұлтты мемлекет екеніміз ешкімге жасырын емес. Басқа да ұлттардың  құқын сақтап,  тілін, ділін құрметтеп,  ата-бабамыздың салып кеткен жолымен жүретін болсақ, сонда ел іші тыныш болады. Ел іші тыныш болса, бізді сыртқы жұрт сыйлайды, ішіміз тыныш болса, ештеңеге алаңдамай, экономикамызды өркендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндігіміз болады. Елдегі тұрақтылық пен ішкі бірлік туралы үнемі айтатыным сондықтан. Біздің бар тірлігіміз осы сайлаумен бітіп қалмайды ғой. Алдымызда үлкен-үлкен міндеттер бар. Ол міндеттерді орындау үшін елдегі тыныштық керек. Төңірегімізге қарайтын болсақ,  сол тыныштығымызға қауіп төндіретін жағдай өте көп. Көршілерімізде болып жатқан оқиғаларды, арыға барсақ, өзіміз куә болған Тәжікстандағы азамат соғысын алайықшы. Не болды, міне, әлі күнге дейін біздің 1994 жылғы ахуалдан аса алмай отыр.


Тағы да атап көрсетейін, осы жылдардың бәрінде Қазақстанда тыныштықтың сақталуы өз-өзінен бола қойған жоқ. Ол үшін Қазақстандағы барлық адамдардың, барлық ұлттардың, барлық діндер мен мәдениеттердің теңдігін қамтамасыз ететін арнайы заңдар қабылдау қажет болды. Бұл, біріншіден. Бірақ та заңдарды қабылдап қою аз, олардың жұмыс істегені және адамдардың Қазақстанда шынында да баршаның тең құқығы сақталып, қамтамасыз етілгенін көзімен көріп, сенгені керек. Нақ осы негізде, нақ сондықтан біздің елімізде адамдар арасындағы достық, сенім, тұрақтылық сақталып отыр. Мұны Қазақстанға құдай берген бақыт деуімізге болады. Сондықтан президентпен бір арнада жұмыс істейтіндер болсын, оппозиция болсын – олардың бәрі біздің тұрақтылығымыз бен тыныштығымыз – бұл халықтың байлығы екенін түсінуі тиіс. Бұл – біздің болашақ дамуымыздың негізі, сан қырлы өзегі екенін түсінуі тиіс. Сайып келгенде, бұл – көрші елдермен достығымыздың, ізгі қатынастарымыздың негізі. Және бұл – құрлықтың осы бөлігінде Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі өтуіне болатын, Азия континентіндегі елдер басшылары кездесе алатын бірден-бір мемлекет ретінде бізді әлемнің құрметтеуінің негізі, өйткені басқа қолайлы мұндай орын табылмады. Бұл – тыныш¬тық пен халықтар достығының оазисі. ЕҚЫҰ-ның келесі жылы бізде төзімділік және азшылықтың құқығын қамтамасыз ету мәселе¬лері бойынша конференция өткізуді ойластырып отыруы кездейсоқ емес. Біз қазақстандықтар ретінде мұны мақтаныш етуге тиіспіз.


Сондықтан да мен баршаға шын жүректен қайырылып, тұрақтылықты сақтау – барша қазақстандықтардың қолында дегім келеді. Біз мұны құрметтеп сақтауға тиіспіз, өйткені біздің болашағымыз,  балаларымыздың болашағы, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуі осыған байланысты.


Александр Аксютиц, “Хабар” агенттігі:


– Нұрсұлтан Әбішұлы, алдағы сайлаудың негізгі бір мәселесі билік пен оппозицияның қатынасына байланысты болмақ. Сіз жеке өзіңіз қазақстандық оппозицияны қандай деп білесіз?


– Тәуелсіздік жылдары басымыздан кешкен оқиғалар аз болған жоқ. Егер еске түсіретін болсақ, шынайы пікір саналуандылығын қалыптастыру, демократия жағына қарай алға басу үшін менің өзімнің белгілі бір саяси партияларды құруға қатысуыма, түрлі спектрге қолдау көрсетуіме тура келді. Және де сол жылдардың тәжірибесі саяси  партияларды жоғарыдан құруға болмайтынын, бірнеше адамды жайдан-жай жинап, өте көп адам¬дар кенеттен қолдау білдіретін партия құруға болмайтынын да көрсетіп берді. Ол үшін қажетті жағдайлар пісіп-жетілуі тиіс. Олар қандай жағдайлар? Саяси партиялар белгілі бір жіктің, адамдардың белгілі бір тобының пікірін білдіреді. Тағы да қайталап айтайын, уақыт өте келе адамдардың тұрмыс деңгейі шындап жақсарған кезде, адамдар ауқатты болып, орта тап, оның мөлшері, олар өндірген өнімнің көлемі өсетіндігі соншалық, олар жеке меншік иесіне айналып, айырылғысы келмейтін нәрселері болған жағдайда, олар болашақта қандай саясат жүргізу керектігін түсінетін болады. Міне, сол кезде сол баяғы саяси тұрақтылыққа, заңдардың тұрақтылығына, саясаттың тұрақтылығына және бүгінде мемлекет пен халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтін элитаның тұрақтылығына мүдделі болатын қалыпты топтар шығады.


Мен өзім құрметтейтін саясатшы Шарль де Голль кезінде былай деген екен: “Қағидатымда қарсыластарымды құрметтеймін, бірақ оларға төзімділік таныта бермек емеспін”. Де Голльді өте құрметтеймін дедім ғой, бірақ мына жағдайда мен онымен билік оппозицияға төзімділік танытуға үйренуі керек деп таласар едім. Тағы да қайталап айтайын: оппозиция өркениетті арнаға көшуі керек. Даурықпалығымен емес, ұсыныстарымен, халыққа түсіндіре отырып, өз жақтастарын көбейте отырып көшуі керек. Және осынау ұлы тарихи мүмкіндіктен олар айырылып қалмауға тиіс. Кез  келген  қара  PR, бір-бірін қандай да бір күйелеу –  бұл Қазақстанның аз ғана халқы үшін, көпұлтты Қазақстан үшін өте қиын жағдай және бұл ақылға сыйымсыз жағдай, түсінесіздер ме? Мен Мемлекет басшысы ретінде осыны үнемі айтып, түсіндіруге мәжбүрмін. Қазақстандықтардың көпшілігі, халқымыздың басым көпшілігі мұны жақсы түсінетіндігін және жіктеліске жол бермейтінін білемін. Ешқашан жарлықпен ғана демократияны жасау мүмкін емес. Сол секілді элитаны айырбастау да өмірді жақсарта қоймайды. Біз Украинада экономиканың өсу қарқыны үш есеге төмендеп кеткенін көріп отырмыз. Мен жуырда сапармен Грузияда болдым және мұндағы жағдайдың мәз емес екенін білемін. Қазір Грузияға қысқы отынмен барынша көмектесуге тырысудамыз, әйтпесе оларда қиындық туады. Біз Қырғызстаннан да осындай жағдайды байқап отырмыз. Мұны сын ретінде айтып тұрған жоқпын, бұл олардың таңдауы, олардың тағдыры, өмірі. Ал біз демократияландыруға экономикалық даму арқылы эволюциялық жолмен жүріп келеміз. Жуырда мен мұны АҚШ Мемхатшысының алдында да айттым. Бүгінде олар мұны мойындайды. Жуырда бізде болған дипломатия патриархы Киссинджер мемлекеттердің батыстық құрылымын жаңа тәуелсіз мемлекеттерге таңу дұрыс емес деді. Ал М.Тэтчер өзінің “Мемлекетті қалай басқару керек” деген кітабында не жазады дейсіз? Мен ол кітапты, сондай-ақ Ли Куан Ю-дің және Клинтонның соңғы кітабын мұқият оқып шықтым.  Бүкіл өмірін өздері жүргізіп отырған сол саясатқа арнаған бұл адамдар өздерінде бардың бәрін сол бойында басқа елдерге көшіруге деген Батыстың құлшынысы, айналып келгенде, жаман салдарға ұрындырады дейтін тұжырымға келген. Мәселен, М.Тэтчер нарықтық экономика және жеке дербестік католиктік ыңғайдағы христиан дініне тән деп жазады, яғни мен өзім үшін өзім  жауап беремін, ал сенің проблемаң бар екен, сен өз проблемаңмен маған ұрынба. Бауыр болсаң мейлі, ал қонаққа өз шиша шарабыңмен кел, егер ішіп бітірмесең, қалтаңа салып үйіңе әкетесің. Адамдар қонаққа өз тағамдарымен және ішімдіктерімен келсін. Бұл бәлкім тым қарапайым түсіндіру болар, бірақ посткеңестік кеңістіктегі біздің елдерімізде мұндайды көзге елестету мүмкін бе?


Кезінде Ли Куан Ю-ді сынағанда, ол тұрмыс пен жұмыстың батыстық әдістері азиялық қоғамға қолайлы емес, олардың құндылық жөніндегі ұғымдары басқа деп турасын айтқан. Оны осысы үшін де сынаған. Мен демократияға қарай қозғалудың магистралдық жолы бар деп санаймын және біз сол жолмен келе жатырмыз. Ал енді өз халқына қиындық туғызбайтын қандай жолмен жүру керек, демократияға апаратын жолдағы қозғалыс барысын қалай бұзбау керек – бұл басқа мәселе. Және бұл біртіндеп іске асуы тиіс. Мен тағы да қайталап айтамын, біз үшін демократия – жолдың бастауы емес, ал біз бастау жолда тұрмыз. Мен мұны біздегілер түсінгенін қалаймын.


– Кейбір саяси күштер Сіздің атыңызға сын айтып жатады, кейде олары шектен шығып кетеді. Сіз бұл жөнінде не айтар едіңіз?


– Бұған қатысты мынаны  тағы бір рет айтқым келеді: демократия үшін күшті билік, бір-біріміздің құқықтарымызды құрметтеуге мәжбүрлейтін күшті заңдар керек. Сыншылардың менімен келіспейтіндері заңгерлермен және әлемнің кез келген демократтарымен дауласа берсін. Мен осындай ұстанымдамын. Білесіздер ғой, әдетте бірдемесін жасырғысы келетіндер сыншылдыққа салынады. Бізде нені айтпай жатыр, сондықтан да қазақстандық қоғамда, азиялық қоғамда мұндай мәселеде өте абай болу керек. Сынау құқығы жұрттың бәрінде бар, алайда мен оның заң аясында болғанын қалар едім. Біздің оппозицияға келетін болсақ, бәріміз де қандай ұйым туралы сөз болып отырғанын білеміз. Сол жігіттердің көбі бүкіл осынау жылдары менімен бірге жұмыс істеді. Іс жүзінде мен оларды жас кездерінен мемлекеттік қызметке тартып, өсірдім. Олар тәжірибе жинап, белгілі адамдарға айналды. Жалпы, мен мұны мақтан етемін және олардан бас тартпаймын. Осыған байланысты ешкімде де мен оларды жек көреді дейтін ой болмасын. Олардың ешқайсысына менде жек көрушілік жоқ. Неге оларды жек көруге тиіспін? Олар маған тікелей еш жаманшылық жасаған жоқ. Егер қорлайтын болса, олар заң бойынша жаза¬ланады. Бұл тұрғыда оларға ешқандай тоқтаушылық пен ешқандай жеңілдік болмайды. Кез келген билік заңды жұмыс істетуге тиіс. Ешқандай жек көрушілігім жоқ. Мен тек бұл сайлаудан кейін де күндер, жылдар болатынын және болашағымыз осымен аяқталмайтынын айтқым келеді. Мен ат құйрығын шорт кеспестен өзара жұмыс істескенді, содан кейін оппозиция билік органда¬рына да қатысатындай, бірлесе жұмыс істейтіндей болуын қалар едім. Оппозиция кез келген мемле¬кетке керек және ол сайлау науқандары кезінде ғана емес, сонымен бірге үкіметтің кемшіліктерін көрсетіп, олардың қадамдарын  түзеп, өз ойларын ұсына отырып, жұмыс істеуі тиіс. Бұл халық үшін өте пайдалы. Сондықтан да біздің түсіністікпен жұмыс істегенімізді қалар едім. Біз енді ғана мемлекетімізді құрудамыз, енді-енді оппозиция қалыптасып, қалыпты демократияға келе жатырмыз. Сондықтан екі жақ та өте жауапты болуы тиіс. Мені тыңдап отырғандар менің не туралы айтып тұрғанымды түсінеді деп ойлаймыз. Менімен бірге жұмыс істеген сол жігіттерде ондай жауапкершілік бар екеніне сенімдімін. Мен оларды білемін және сенемін.


Олег Квятковский, “Казахстанская правда”:


– Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы сөз болуда. Сіз бүгін бұл тұрғыда не айтар едіңіз?


– Әлемнің бір де бір мемлекеті бұл қатерді толық жеңдік деп әлі айтқан емес. Мемлекет бар, мүдделер бар, адамдар, заңдарды бұзушылық бар, демек сыбайлас жемқорлық та бар. Әлемдік экономиканың флагманы АҚШ-ты аса ірі компаниялардың – “Энрон” және басқаларының сыбайластық әрекеті сілкінткені естеріңізде болар. Миллиардтаған долларлар жоғалып, адамдарды жұмыс бөлмелерінен ұстап, тұтқындаған болатын. Оны да көрдік. Мұндай жағдай Италияны,  Францияны және басқа елдерді дүрліктіріп жатады, біз оны да көріп, естідік. Бірақ бұл біз қарсы күрес жүргізбеуіміз керек дегенді білдірмейді. Біз бірінші болып “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” заң қабылдап, басқа да шаралар белгілеуіміздің нәтижесінде жуырда ғана мемлекеттердің сыбайлас жемқорлығын анықтайтын халықаралық “Транспаренци интернешнл” компаниясы қазақстандық деңгейді жақсарту жағына қарай 15 пунктке көтерді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша біз Ресейді қоса алғанда бәрінен алға шықтық және бүгінде бұл тұрғыда Қазақстан жақсы ұстанымда деп саналады. Мен Шетелдік инвесторлар кеңесіне кіретін компаниялардың жетекшілерімен жылына екі рет кездесемін. Алғашқы жылдары шенеуніктермен жұмыс істесудің қиын екеніне қатысты әрқилы емеурін айтылатын, соңғы 2-3 жылда  шенеуніктер – парақорлар, жұмыс істеуге кедергі келтіреді деген тұрғыда бір де бір сұрақ берілмейді. Түсінікті ғой? Және бұл күрес күшейе түсетін болады. Екінші жағынан, оппозиция жағындағы “біздің достарымыздың” сөздері кейде маған түсініксіз, олар сыбайлас жемқорлықпен күресеміз дейді, сонымен бірге сыбайластық әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылып, бостандықтарынан айырылған адамдарға қатысты “босатыңыздар, бұл жарамайды” дейді. Мұны қалай түсінуге болады. Олардың кінәсін тергеу анықтап, ашық сот оларды соттады, бүгінде олар жазаларын өтеуде. Енді келіп сондай адамдарды, былайша айтқанда, аспанға көтеруде. Меніңше, осыған байланысты олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы адал күресетініне ешқандай сенім жоқ. Сыбайлас жемқорлық, өкінішке орай, бар, бұл қасіретті жеңудің басты жолы, әрине, құқық қорғау органдарының жазалау шараларында. Жазалау керек, алайда сыбайлас жемқорлықтың тамырларын заңнама арқылы құрту керек. Азамат пен шенеунік қайда тоқайласады? Міне, біз сол жерде сыбайластықты сылып тастауымыз керек. Алматы мен Астанада жасалғанындай, барлық анықтамаларды, құжаттарды бір терезе дегеннен беру қажет. Алып ғимараттар, сонда келесің де бар шаруаңды бітіресің: анықтама, төлқұжат, жүргізуші куәлігін аласың, келісім-шарт жасасасың, санэпидстансадан, өрт сөндірушілерден, тағы басқа¬лардан рұқсат аласың. Бір жерден. Кабинеттердің табалдырығын тоздырып, шенеуніктермен сөз таластырмайсың. Яғни, сыбайластықтың тамырына заң жүзінде балта шабу керек және біз қазір осымен айналысудамыз. Бұл бір күнді ғана талап етпейтін, үлкен тер төгетін жұмыс. Бұл – біріншіден. Екіншіден, біз мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде судьялардың өмір сүруі, отбасын асырауы, балаларын оқытуы, тағы басқаларына жеткілікті болуы үшін олардың еңбекақыларын, табыстарын көтеруіміз керек. Яғни, бірнеше жолдармен жүрген жөн. Аталған мәселеге дәл осылайша байыптылықпен, іскерлікпен жүйелі түрде келу керек.


Мен тағы да қайталап айтамын: бұл дерт бар және мен оған қарсы күреспен айналысатын боламын, біз нашарлар атанбаймыз, жолын кесеміз, заңдарды ауыстырамыз, талап етеміз, жазалаймыз. Қазақстандықтар осы мәселеде мен қабылдайтын жаңа қадамдарды көретін болады ғой деп ойлаймын.


Ержұман Смайыл, “Егемен Қазақстан”:


– Жақында Орталық сайлау комиссиясының барлық кандидат¬тарды сайлау науқанын әділ де таза өткізуге, заң нормаларын қатаң сақтауға шақырған үндеуі, осыған орай еліміздің Бас прокура¬тура¬сының мәлімдемесі жарияланды. Бұл туралы не айтар едіңіз?


– Еліміздің Бас прокуратурасы айтарын айтты. Заңның не екенін жұртқа жариялады. Заңды бұзғандарға қандай жаза қолданылатынын түсіндірді. Орталық сайлау комиссиясы да өздерінің атқаратын міндеттерін, барлық кандидаттарға бірдей құқық берілетінін хабарлады. Сондықтан бұл жерде қосып айтатын көп ештеңе жоқ. Солардың барлығын сайлауға келетін халқымыз да, сайлауға қатысатын үміткерлер де ескеріп, заң жүзінде жұмыс жүргізсе деген талап бар. Солай болады деген үміт те жоқ емес.


- Сұхбатынызға рахмет.

Астана, қазан 2001 жыл.


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар