Жаңалықтар

13 қыркүйек 2012
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен кездесу өткізді

Кездесуде Мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібін, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-технологиялық, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ энергетика, туризм мен ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Кездесуде Мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібін, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-технологиялық, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ энергетика, туризм мен ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак бұқаралық ақпарат құралдарына арнап бірлескен брифинг өткізді.

- Ең алдымен, менің шақыруым бойынша келген сапары үшін Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак мырзаға алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Оңтүстік Корея дәстүрлі серіктес болып саналады. Бұл біздің соңғы төрт жыл ішіндегі жетінші кездесуіміз. Жоғары деңгейдегі мұндай қарқынды үнқатысу әр түрлі салалардағы екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен өзара іс-қимылға оң ықпалын тигізеді. Өткен жылы біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 900 миллион долларға жетті. Биылғы бірінші жартыжылдықта ол 600 миллион доллардан асты. Бірлескен іскерлік жобалар бойынша оңтүстіккореялық инвестициялық портфель 8 миллиард доллардан асады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяның компаниялары Қазақстан экономикасының әр түрлі салаларында бірқатар ірі жобаларды іске асыруға белсенді атсалысып келе жатқанына тоқталды.

- Біз бүгін ЖЭС құрылысын бастаймыз. Бұл туралы бұдан екі жыл бұрын Президент Ли Мён Бак екеуміз келісім жасасқан болатынбыз. Барлық жобаның дайындық жұмыстары жүргізілді, технология іріктелінді. Зиянды қоспаларды жібермейтін үздік «жасыл» технология қолданылатын болады. Корей тарабының қуаттауынша, Балқаш ЖЭС-ы әлемдегі осындай электрстансаларының құрылысына үлгі болады, - деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда корейлік автомобиль құрастыру ісі жолға қойылғанын, пайдалы қазбаларды өңдеу бойынша бірлескен ірі жобалар іске асырылып жатқанын айтып өтті. Олардың қатарында Атырау облысындағы газхимия кешенінің құрылысы, «Жамбыл» мұнайгаз кен орнын өңдеу, Құлжан кен орнындағы көмірсутек шикізатын барлау жасау тәрізді жобалар бар.

- Бұл - қазір іске асырылып жатқан жобалар, бірақ толық тізбесі емес. Біз әр түрлі технологиялар алмасып, кореялық компаниялармен бірлесе сирек металдарды өндіреміз. Оңтүстік Корея - Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі жетекші елдердің бірі. Олар біздің бастамаларымызға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Оған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі дәлел. Корея тарабы сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу жөніндегі біздің тапсырысты қолдап отыр. Оңтүстік Корея медицина, фармацевтика саласында озық технологияға ие. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда оңтүстіккореялық дәрігерлердің көмегімен бір адамға екі органды ауыстырып салу бойынша операция жасалды. Мұндай технология елімізге зор пайда әкелген болар еді, - деді Қазақстан Президенті.   

Нұрсұлтан Назарбаев Ли Мён Бакқа Қазақстан Мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға және ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак өз сөзінде Корея делегациясына көрсетілген жылы шырайлы қабылдау үшін алғысын айтты.

- Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жыл сайын кездесеміз және мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту, өзара сенім мен достық қарым-қатынастардың дамуы жөніндегі шараларды талқылаймыз. Биыл біздің елдеріміз дипломатиялық қатынастардың орнауының 20 жылдығын атап өтетіні ерекше мәнге ие. Қазақстанның биыл Оңтүстік Кореяда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі бүкіләлемдік саммитке және Йосудегі бүкіләлемдік көрмеге белсене қатысқаны үшін алғысымды айтқым келеді. Сіздердің еліңіз Сеул саммитінің табысты өтуі үшін зор роль атқарды, - деді Ли Мён Бак.       

Корея Республикасының Президенті Қазақстан дағдарысты еңсеру ісінде әлемдік деңгейде экономикалық жағдайды жақсартуда көптеген елдер үшін үлгі бола отырып, оң ықпалын тигізгенін атап көрсетті.

- Қазақстанға әрбір келген сайын Астананың көркейе түскенін көремін. Мен Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын сеземін. Бүгінгі кездесуде біз екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайын талқыладық және алдағы уақытта ынтымақтастықты дамыту туралы шараларды белгіледік. Сондай-ақ бұл сапарым барысында біз шағын және орта бизнес деңгейінде байланысымызды нығайтуға келістік. Таяу уақытта экономиканың бұл саласының өкілдері Қазақстанға келеді. Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы жоғары қарқын алғанын атап өтпекпін. Оңтүстік Кореяның Қазақстанға инвестициясы Ресейді және ортаазиялық елдерді қоса есептегенде, ТМД елдеріндегі ең ірісі саналады, - деді Оңтүстік Корея Президенті.        

Ли Мён Бак тараптар ынтымақтастықты дамыту үшін барынша күш салуға келіскендігін атап көрсетті.

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев екеуміз бірлескен ірі жобаларды іске асыру қарқынын қанағаттанарлық деп бағалаймыз. Біз екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісін көрсетуге, көмір отынын пайдаланатын Балқаш ЖЭС жобасын мерзімінен бұрын аяқтауға келістік. Бұл халықаралық қоғамдастық үшін жақсы жағынан үлгі болады. Біз Алматы метросының құрылысын салу кезінде жинақталған бірлескен тәжірибеміздің негізінде темір жол және жылдамдығы жоғары пойыз өндірісінде өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту ниетіндеміз. Сонымен қатар, біз Назарбаев Университеті жанынан ғылыми-техникалық парк құру жөнінде жобаны іске асыруда ынтымақтасуға және технологиялар алмасуға келістік. Біз Орталық Азияда «жасыл өсуді» енгізу және тарату үшін бірлесіп жұмыс істеу ниетіндеміз. Бұл сапарым біздің стратегиялық серіктестігімізді өткен жылдар ішінде жинақталған сенім мен жетістіктер негізінде одан әрі дамытып және тереңдете түсетінімізді тағы да қуаттайды, - деді Корея Республикасының Президенті.            

Ли Мён Бак бұл сапары ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін негіз болатынына сенім білдірді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар