Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

2 қыркүйек 2014
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының ашылуына қатысты

Өз сөзінде Қазақстан Президенті ашылып жатқан «мүмкіндіктер көздерін» ұтымдылықпен пайдалана білу үшін Парламент пен Үкіметтің жүйелі жұмысының маңыздылығын атап өтті.

 

Өз сөзінде Қазақстан Президенті ашылып жатқан «мүмкіндіктер көздерін» ұтымдылықпен пайдалана білу үшін Парламент пен Үкіметтің жүйелі жұмысының маңыздылығын атап өтті.

– Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына байланысты басты міндеттің бірі – әкімшілік реформасын жалғастырып, кәсіби және жинақы мемлекеттік аппараты бар тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру. Өздеріңіз білесіздер, Үкіметтің жаңа құрылымы туралы шешім жүзеге асырылды. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойылып, іске асырылуда. Бұл мемлекеттік аппараттың жұмысындағы көпсатылылық пен бір-бірін қайталауды азайтуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына байланысты міндеттерді іске асыру аясында озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, құрылымдық реформалар бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.

– Негізгі мақсат – бизнес жүргізуге барынша қолайлы жағдайлар жасау,  инвестиция ағынын ынталандыру, кәсіпкерлікті қорғау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, – деді Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы заң шығару жұмысына негіз болуы тиіс құрылымдық реформалар бағытына қатысты өзінің көзқарасын ортаға салды. Олардың қатарында жаңа кезеңдегі Кәсіпкерлік және Азаматтық іс жүргізу кодекстерін қабылдау үдерістерін аяқтау, арбитражды толыққанды дамыту, «Электрондық үкімет» негізінде 2017 жылға дейін қолданыстағы барлық мемлекеттік жүйелер мен мәліметтер базаларының интеграциясын іске асыру істері бар.

Бұдан бөлек, рұқсаттамалар санын 2015 жылдың ішінде 50%-ға дейін азайту, кедендік процедураларды барынша оңайлату үшін инвесторларға «бір терезе» қағидатын қолдану аясын кеңейту көзделуде. Сонымен қатар, заңнамаға ревизия жүргізу және құжаттардың нотариалдық ресімделуі туралы талаптар аясын барынша ықшамдап, халыққа жұмысқа тұру, шетелге шығу және жүргізуші куәлігін алу үшін талап етілетін анықтаманы беруді «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазақстан Президенті төртінші сессия кезінде қарастырылу қажет басымдыққа ие заң жобаларын атады. Олардың қатарында жер қойнауын пайдалану мәселелері, АШК-де өнімділікті арттыру үшін салық заңнамасына өзгерістер жиынтығын енгізу, автономды білім беру мекемелерін академиялық басқару жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны  жөніндегі заң жобалары бар.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы депутаттарға олардың депутаттық каникулдарының уақытын мүмкіндігінше қысқарту мүмкіндігін қарастыруды өтінді.

– Мұндай шешім депутаттық корпусқа халықтың игілігі үшін барлық мемлекеттік органдармен үйлесімді және бір ырғақта жұмыс істеуге септігін тигізген болар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Үкімет экономиканы дамытудың оптимистік және пессимистік сценарийлерін ескере отырып, бірқатар шаралар әзірлегеніне назар аударды.

– Бізде қазірдің өзінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы іс-әрекеттердің нақты жоспары бар. Дамудың барлық ықтимал нұсқаларында да Үкіметке мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруды шектемеу тапсырылды. Бұл өте маңызды. Бізде халықтың әл-ауқатының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті барлық ресурстар бар, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, төртінші сессияның ашылуы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаңа депутаттардың Қазақстан халқы алдында берген антын қабылдады.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқыңыз.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу